Қазақстанда үш банк мәжбүрлеп таратылады

34
мәжбүрлеп
Фото: sunnews.info

Алматы. 25 қазан. 7kun.kz – ҚР Ұлттық банкі «Qazaq Banki» АҚ-ты, «ЭксимБанк» АҚ-ты және «Астана банкі» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы сотқа талап-арыз түсірді.

«ҚР Ұлттық Банкі 2018 жылғы 25 қыркүйекте Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына «Qazaq Banki» АҚ мен «ЭксимБанк» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы, 2018 жылғы 15 қазанда «Астана банкі» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату жөнінде талап-арыз берді. 2018 жылғы 24 қазанда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Qazaq Banki» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылдады. Үшінші тұлғалар тарапынан сот актісіне шағымдану болмаған кезде шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап 30 күн ішінде заңды күшіне енеді», — делінген хабарламада.

Сот шешімі заңды күшіне енген күні Ұлттық Банк банк тарату комиссиясын тағайындайды.

ҚР банктерді мәжбүрлеп тарату қағидаларының нормаларына сәйкес, банкті тарату комиссиясын тағайындау туралы ақпарат комиссия тағайындалған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде ҚР Әділет министрлігінің ресми баспа басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.

«Qazaq Banki» АҚ мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап 14 жұмыс күні ішінде Қазақстан Депозиттерді Кепілдендіру Қоры жұмыс істеп тұрған қазақстандық банктердің қайсысы ақы төлеу бойынша агент ретінде «Qazaq Banki» АҚ салымшыларымен жұмыс істейтінін және салымшылармен есеп айырысуды бастайтынын жариялайды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл қаржылық жағдайы тұрақты, бүкіл ел бойынша салымшыларға қызмет көрсетуге мүмкіндік беретіндей филиалдар желісі мен инфрақұрылымы кеңінен тараған банк болады. Бұл банк ҚДКҚ атынан және оның қаражаты есебінен «Qazaq Banki» АҚ салымшыларымен жұмыс істейтін болады.

ҚДКҚ таңдалған агент-банкті жариялағаннан кейін салымшыларға кепілдік берілген өтемақыларды төлеу өтінішімен аталған банк бөлімшесіне өтініш білдіру керек. Агент-банк оған құжаттар түскен күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей ақы төлейтін болады.