Қазақстанда заңсыз құрылыстарды 2027 жылға дейін заңдастыруға болады

Қазақстан. 17 маусым. 7kun.kz – Қазақстанда заңсыз салынған жылжымайтын мүлікті заңдастыру жоспарлануда, ол 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданыста болады. Заң жобасына тиісті түзетуді Сенаттың Экономикалық саясат жөніндегі комитеті енгізді, деп хабарлайды 7kun.kz.

Бұл заң жобасы рұқсатсыз салынған жылжымайтын мүлікті заңдастыруды қарастырады. Атап айтақанда жоба үйлерге, қосалқы құрылыстарға, уақытша ғимараттарға және т.б. қатысты. Заңдастырылғаннан кейін меншік иелері құжаттарын алып, объектілерді өз қалауларынша иеліктен шығара алады, сата алады, кепілге қоя алады.

Бұрын мұндай акциялар елде 2006 және 2014 жылдары өткен болатын. Содан кейін мүліктің бағалау құнының 10% мөлшерінде алым төлеуг қажет болды. Айыппұлдар болған жоқ.

Сондай-ақ бас жоспар бойынша жолдар, әлеуметтік нысандар, инфрақұрылым және т.б. болатын жерлерде салынған мүлік заңдастырылмайды. Қылмыстық жолмен алынған мүлікті де заңдастыру мүмкін емес.

Сенаттың тағы бір түзетуі – заң жобасы енгізілгенге дейін салынған жылжымайтын мүлікті ғана заңдастыруға болады. Бұл заңсыз құрылыс мәселесі ушығып кетпес үшін жасалып отыр.

Айта кетейік,  заң жобасын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев таныстырды. Ол заңсыз құрылыстар жалпы ел бойынша көп екенін, бірақ әсіресе Алматыда, жаңа аумақтар қалаға қосылғаннан кейін көп екенін атап өтті.

Жылжымайтын мүлікті заңдастыру туралы шешімді арнайы құрылған комиссия қабылдайды, оған мәслихат депутаттары, қалалық әкімдік қызметкерлері және қоғамдық кеңес мүшелері кіреді.