Қазақстанда зейнетақы жинағының жеткілікті шегі төмендетілуі мүмкін

Астана. 23 қараша. 7kun.kz – Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов зейнетақы жинағын пайдалануға мүмкіндік беретін жеткілікті шекті төмендетуді ұсынды, деп хабарлайды 7kun.kz.

Ол 2020 жылы президент зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға рұқсат бергенін еске салды. Оның айтуынша, 1,3 миллионнан аса қазақстандық осы мүмкіндікті пайдаланған Олардың арнайы шотына 3,2 триллион теңге аударылды.

«Қазіргі инфляция мен БЗЖҚ-ның кірістілігі теріс екенін ескерсек, сол уақытта зейнетақы жинағын пайдаланып үлгерген адамдар Қасым-Жомарт Кемелұлына осы шешімі үшін риза шығар деп ойлаймын. Олар бұл ақша пәтер сатып алды, қазір ол баспананың құны да өсті. Денсаулығын жақсартты және тағысын тағы. Алайда жеткілікті шектің мөлшері көтерілгеннен кейін, әлемде баламасы жоқ бұл бастаманың мәні жоғалып кетті. Осыған байланысты Үкімет зейнетақы жинағын пайдаланудың жеткілікті шегін төмендету туралы мәселені қайта қарауы қажет деп санаймын», – деді депутат.

Еске салайық, 2022 жылғы 1 сәуірден бастап зейнетақы жинағының жеткілікті шегі күрт өсті. 2021 жылы 35 жастағы азаматтар үшін шекті көрсеткіш 2 940 000 теңге болса, 2022 жылы ол 5 060 000 теңгені құрайды.