Қазақстанда жылжымайтын тұрғын үйдің декларацияланған құны нарықтық бағадан асыра көрсетіледі

833
Фото: kaz.tengrinews.kz

Қазақстанда жылжымайтын тұрғын үйдің нарықтық және декларацияланған бағасы арасындағы айырмашылық 30-40% деңгейіне жетіп отыр. Хабарландырулар сайтындағы бағалар мен ҚР мемлекеттік реестрінде тіркелген мәмілелер сомасын зерттей келе Homsters.kz компаниясының сарапшылары осындай қорытындыға келіп отыр. Бұл туралы «Экспо жылжымайтын мүлік – 2016» көрмесінің аясында өткен «Жылжымайтын мүлікті онлайн сатудағы халықаралық тәжірибе» семинарының барысында Homsters.kz басшысы Расул Машуров айтып берді.

«Қазіргі уақытта пәтердің шынайы бағасының шамамен үштен бірі көлеңкеге кетіп жатыр. Салыстыру үшін айта кетсек: Батыс Еуропада, АҚШ-та, Австралияда сатып алушыларға жылжымайтын мүлік объектісі үшін аукцион жүргізуге болатын белгілі бір баға диапазоны беріледі. Егер сатып алушы жалғыз болса, декларацияланған және қайта қарастырылған баға арасындағы айырмашылық көп жағдайда 5-10%-дан аспайды», — деп атап өтті Машуров мырза.

Сарапшының сөзіне қарағанда, егер Қазақстанда жылжымайтын мүлік мәмілелеріне қатысты есеп айрысуды банк арқылы жүргізуді міндеттейтін заң қабылданса, мұндай схемалар өзектілігін жоятын көрінеді.

«Бұл жылжымайтын мүлік саудасымен айналысатын жекелеген компаниялардың да, жекелеген риэлторлардың да офлайннан онлайнға өтуіне қосымша серпіліс береді. Сонымен қатар мұндай жағдай Homsters.kz секілді алаңқайлардың өсуі үшін де басты драйверлердің бірі болады. Қазақстанда жылжымайтын мүлік нарығындағы жарнама бюджетінің 10%-ға жетпейтін көлемі интернетке бағытталады. АҚШ-та бұл 40% дерлік, Ұлыбритания мен Австралияда 60%-дан астам көрсеткішті құрайды. Интернеттің таралуы 56% деңгейінде, яғни шамамен Қазақстандағыдай болатын Түркияда да аталған саладағы жарнама бюджетінің онлайн-ресурстар алып отырған көлемі 35%-ға тең», — деп атап өтті Расул Машуров.