Қазақстандықтар ақпанда 292,5 млрд теңгеге қолма-қол шетел валютасын сатып алды

Теңге-доллар валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 12,9 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл туралы ҰБ баспасөз қызметі хабарлады.

2022 жылғы ақпанда теңгенің биржалық бағамы бір АҚШ доллары үшін 426,1 – 495,0 теңге аралығында өзгерді. 2022 жылғы ақпанның соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 14,2%-ға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 495 теңге болды.

«Теңге-доллар валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 12,9 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі – 2,7 млрд АҚШ доллары, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі – 10,2 млрд АҚШ доллары болды», – делінген ҰБ хабарламасында.

Биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлемінде бір еншілес банктің үлесі 58,5% немесе 6,0 млрд АҚШ долларын құрады (2022 жылғы қаңтарда – 65,8% немесе 4,9 млрд АҚШ доллары), бұл олардың меншікті капиталды валюталық тәуекелдерден хеджирлеуіне байланысты болды. Бұл операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасының сұранысы немесе ұсынысы арақатынасына әсер етпейді.

«2022 жылғы ақпанда халық нетто-негізде 292,5 млрд теңгеге баламалы сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Алдыңғы аймен салыстырғанда бұл шығыстар 3,4%-ға өсті (2022 жылғы қаңтарда – 282,8 млрд теңге), 2021 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда (184,9 млрд теңге) нетто-сатып алу көлемі 1,6 есе ұлғайды», – делінген хабарламада.

Шығыстардың негізгі көлемі 197,7 млрд теңге немесе 67,6% – АҚШ долларын, 75,4 млрд теңге немесе 25,8% – Ресей рублін, 19,1 млрд теңге немесе 6,5% – еуроны сатып алуға бағытталды. Валюталардың түрлері бойынша бөлгенде бір айда АҚШ долларын сатып алуға арналған шығыстар 10,5%-ға өсті (өсу 1,7 есе ж/ж), Ресей рублін сатып алуға арналған шығыстар 6,8%-ға төмендеді (өсу 1,6 есе ж/ж) және еуроны сатып алуға арналған шығыстар 15,5%-ға төмендеді (төмендеу 10,7% ж/ж).