Қазақстанға тартылған шетелдік инвестиция көлемі өсті

66
Фото: lasun.vn

Алматы. 8 тамыз. 7kun.kz – Ұлттық Банк алдын-ала есептеулер бойынша 2018 жылдың 6 айының ішінде төлем балансының деректерін жариялады.

2018 жылғы бірінші жартыжылдықта ағымдағы шоттың тапшылығы 2 есе, 1,4 млрд. АҚШ долларына дейін (2017 жылғы бірінші жартыжылдықта 2,9 млрд. АҚШ доллары) қысқарды.

Әріптес елдердегі экономикалық ахуалдың тұрақты болуы және мұнай мен газ конденсатын өндірудің өсуі экспорт серпініне қолайлы әсер етуде – тауарлар экспорты 21,8%-ға ұлғайды және 28,6 млрд. АҚШ долларын құрады. Ішкі экономиканың өсуі тауарлар импортының 7,8%-ға 16,1 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғаюына ықпал етті. Нәтижесінде, сауда балансы 46,2%-ға 12,5 млрд. АҚШ долларына дейін жақсарды.

Ағымдағы шот тапшылығы қысқаруының негізгі тежеуші факторы бұрынғысынша шетелдік тікелей инвесторлардың кірістері болып табылады, олар экспорттау кірістерінің өсуіне байланысты 32,8%-ға 11,2 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғайды. Бұл кірістердің жартысынан көбі Қазақстандағы еншілес кәсіпорындарды қаржыландыруға жұмсалған болатын.

Қаржылық шот (Ұлттық Банктің резервтік активтерімен операцияларды қоспағанда) алдын ала деректер бойынша іс жүзінде теңестірілді және 12 млн. АҚШ доллары болатын аздаған оң сальдомен қалыптасты. Резиденттер міндеттемелерінің төмендеуімен байланысты капиталдың таза әкетілуі резиденттердің шетелдік активтерінің қысқаруымен өтелді.

Шетелдің тікелей инвестициялардың әкелінуі 1,5 есе өсіп, 4,8 млрд. АҚШ долларын құрады. Олардың әкелінуінің негізгі көзі шетелдік үлестес компаниялардың қазақстандық компаниялар алдындағы борыштық міндеттемелерін өтеуі болды. Сонымен бірге осы кезеңде бейрезиденттер қазақстандық кәсіпорындардың және резиденттер шетелдік инвесторлардың пайдасына ірі дивидендтер (супердивидендтер деп те аталады) төледі. Мұндай операциялар төлем балансында тікелей инвестициялар бойынша капиталды алу ретінде көрсетіледі.

Портфельдік инвестициялар бойынша капиталдың таза әкетілуі 2,0 млрд. АҚШ долларын құрады, ол негізінен, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-тың нарықта өз акцияларын және жаһандық депозиторлық қолхаттарды сатып алуы, сондай-ақ резиденттердің қосалқы нарықта ҚР Қаржы министрлігінің еурооблигацияларын сатып алуы есебінен болды.

Резервтік активтер (ҚР Ұлттық қорының активтерін есептемегенде) 2018 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 30,1 млрд. АҚШ доллары болып бағаланды, бұл Қазақстанның тауарлар мен көрсетілетін қызметтер импортының 8,2 айын қаржыландыру қажеттілігін өтейді.