Қазақстанның жас дизайнерлері қалай табыс тауып жүр?

1635
дизайнерлері

Отандық киім дизайнерлері Айнұр Бақытжанқызы мен Дамилия Жұмабек жеңіл өнеркәсіптің қыр-сырымен бөлісті.

Отандық жеңіл өнеркәсіп өкілдерінің табысына алаңдағанымыз бекер емес. Өйткені жеңіл өнеркәсіпттің 99%-ы ипморттық тауарлар, қазақстандық үлес – 1-ақ %. Оның үстіне жыл сайын бірнеше жоғары оқу орындары, колледж, сән мектептері, арнайы курстар жүзден аса киім дизайнерлерін оқытып шығарады. Соған қарамастан еліміздегі сауда орталықтарынан қазақстандық киімді табуыңыз екіталай. Сонда жас дизайнерлер қалай күн көреді, отандық өнім қайда сатылады, олардың мәселелері неде?  

— Алғаш дизайнер кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыстарыңызды бастағанда қандай қиындықтарға кезіктіңіздер немесе бұл процесс жеңіл өтті ме?

Айнұр Бақытжанқызы, дизайнер:

—    Әу баста құрбыммен бірге аштым. Жұмыла көтерген жүк жеңіл деп, жастық максимализммен бастап кеттік.  1 жылға жуық жұмыс жасадық. Алғашқы бастама болғандықтан, қиындықтар көп болды. Екі түрлі шығармашылық адам – екі түрлі пікір. Сол кез доллар көтерілген еді. Сонымен жауып, екі жаққа кеттік. Достығымыз құрымай, арамыздан ала жіп өтпей тұрғанда жабылдық. Шамамен бір жылдан кейін өзім ашуға бел будым. 1  ғана тігін машинам болатын. Сіңлімнен 50 000 теңге қарыз сұрап, ателье ашуды көздедім. Жүгіріп жүріп, жалға орын таптым, арзан бағаға ерлер жейдесінің жағасын өзгертуге тапсырыс алдым. Бір данасын 50 теңгеден етіп, 3000 жейде алып бастадым. Құрбыларым жан жақты қол ұштарын беріп, көмектесті. Біреуі үстелін, біреуі тоңазытқыш берді.  11 мамырда 2017 ден бастап ашылдым. Басында бір тігін машинасы, бос ғимараттан басқа ештеңе болған жоқ. Тапқан табысыма керек-жарақ алумен болдым. Ешқандай ақшалай көмек болмады, әлі де солай. Өзімнің таза еңбегім. Қазіргі таңда жағдайым жаман емес. Шағын  өндіріс болдық. Көп нәрсені (салық есебін тапсыру, жарна) жұмыс барысында үйрендім. Қарамағымда қазір 6 адам жұмыс жасайды.  3 тігінші, 1 конструктор, 1 көмекшім, аутсорсингта 1 бухгалтер бар.

Дизайнер Айнұр Бақытжанқызы

Дамилия Жұмабек, дизайнер:

Алғаш жұмысымды бастаған кезде, ақша жағы қиындау болды. Кез-келген жұмысты бастарда қалтаңда қомақты акшаң немесе тіреуішің болмаса өте қиын болады, бірақ көп тұтынушылардан тапсырыс қабылдап,тез әрі арзандау тігіп. Одан түскен табысқа шикізат алып, бірді-бірге жалғап жүрдім. Эскизді өзім салып, өзім пішіп, өзім тіккендіктен уақытты алады. Көмекшім де болған жоқ. Солай күн, түн демей жұмыс істедім, біраз тәжірибе жинақтадым, өзіме ғана сену керектігіне көзім жетіп, одан әрі ысыла түстім.

Дизайнер Дамиля Жұмабек

— Киімдеріңізді қандай атаумен шығарасыздар. Қандай класқа арналған? Шикізатты қайдан аласыздар?

Айнұр Бақытжанқызы, дизайнер:

—     Менің брендімнің аты –  «AiLuna». Толық қыздарға арналған киім тігемін. Шикізатты көбіне Түркиядан алып келемін. Сапасы жоғары. Өзіме және  сатып алушыларыма қатты ұнайды. Алып келген аздаған материалыма шектеулі данада киім-кешек тігіп, сатамын. Бізде шикізат шығаратын зауыт аз, тіпті жоқтың қасы. Сондықтан сырттан аламын. Өнімдеріміз орта класқа арналған. Негізінен – oversize. Толық қыздардың да сәнді, үйлесімді киінгендерін қалаймын. Сондықтан соларға тігеміз.

Дизайнер Айнұр Бақытжанқызының туындысы

Дамилия Жұмабек, дизайнер:

— Өзімнің аты-жөніммен «Damilya_Zhumabek» деп атадым. Өнерге жақындығымды көріп, алғаш жолымды ашқан әкем Жұмабек болатын. Сол кісінің атын шығарғым келді. Өкіншітісі, өнер академиясын бітер тұста дүниеден өтті. Ал керек маталарды Алматыдағы атақты Қызыл таң дүкенінен, базардан аламын. Ол жаққа шетелден келеді: Дубай, Италия, Түркия және т.б. Сапаға байланысты әртүрлі бағада аламын. Арзаны да, қымбаты да бар. Жас, жыныс, класс талғамаймын. Тапсырыс берушінің сұранысына қарай әрі өзімнің де идеямды қосып, дайындап беремін. Анда-санда ерлерден, көбіне әйелдерден тапсырыс түседі. Әу бастан жалғыз өзім істеп келемін, қазір де солай. Болашақта 2,3 маман алып, кәсібімді кеңейту жоспарда бар.

Дизайнер Дамиля Жұмабектің туындысы

— Масс-маркетте көбіне шетелдік брендер. Сұраныс қалай? Қалай бәсекелесіп жүрсіздер? Мамандықтарыңыз қандай?

Айнұр Бақытжанқызы, дизайнер:

— Бұған сұраныс бар. Өте жоғары десем де болады. Иә, шетелдік брендер жаулап алды. Олардың көбі oversize емес. Осы жағынан мен ұтып тұрмын. Сатып алушылар егизи шетелдік брендтар да көп. Олар толық аиел қауымы на арналмаған. Сатып алушылар ұзынқұлақтан естіп, фейсбук парақшамнан біліп келеді. Қазір әлеуметтік желіні, инстаграмды қолға алдым. Өз жұмысыңды сапалы, шынайы махаббатпен жасасаң, бәсекелестіктен қорықпауға болады. алушы әрқашан табылады. Мамандығым осы салада. Суретші-модельер, конструктормын. Осыдан басқа салада өзімді елестете алмаймын. 2004 жылы Алматы сервис колледжін бітіргем. Кейін АУТБ университетін тәмамдадым. Осы салада мамандығым бойынша жұмыс жасап келемін

Дизайнер Айнұр Бақытжанқызының туындысы

Дамилия Жұмабек, дизайнер:


  —   Негізі 10-20 шақты тұрақты тұтынушың болса болғаны. Қазір бәсекелестік заманы. Сондықтан сән апталығына қатысып, көрінуге тырысамын. Одан бөлек, жылына жаңа 3-4 коллекция тігіп, инстаграм арқылы сатамын. Ұнатқан қыздар тұрақты тұтынушыма айналады. Мамандыгым киім дизайнері.  Алматыдағы О.Таңсықбаев атындағы сандық-қолданбалы өнер колледжін, Т.Жургенов атындагы өнер академиясын бітірдім.

Дизайнер Дамиля Жұмабектің туындылары

— Жас дизайнердің басты кедергісі?

Айнұр Бақытжанқызы, дизайнер:

— Қиындык көп қой. Оның бәрін айта алмайсың. Негізгісі – өзімізде шикізат жоқ. Сапалы маман, тігінші жоқтың қасы. Бұрын колледжде 3 жыл оқитын. Қазір 1-ақ жыл білім алады. Осыны жолға қойса. Сыртқы жарнама мәселесі біраз аяқтан шалады. Қазір жарнамаға байланысты бас жоспар мекемесімен соттасып жатырмын. Ең басты қиындық осы болып тұр. Бұл жердің түзелгенін қалаймын. Жас кәсіпкерлердің жұмысының тоқтауы – жалға алатын орынның қымбаттығы. Табыстың көбі соған кетеді. Дайын өнімді сататын алаңдардың аздығы, өтірік дизайнерлердің көптігі де кедергі. Екінің бірі үйде отырып дизайнер болғысы келеді.

Дизайнер Айнұр Бақытжанқызының туындысы

Дамилия Жұмабек, дизайнер:

— Қазір бәрі ақшаға келіп тіреліп тұр, шындығы сол. Кез-келген жерге киюге, әркімнің қалтасы көтеретін қазақы, заманауи киімдерді көптеп тігіп, сататын жеке дүкенімнің болғанын қалаймын. Әрі өзімді жас дизайнермін деп есептемеймін. Биыл осы салада жүргеніме 15 жыл болып қалды. Кез-келген дүние өз орнымен, өз уақытында болғаны дұрыс қой. Бір нәрсе ашпай тұрып, бәрін жан-жақты ойлану керек. Дүкеннің интерьері, оның ай сайынғы жалақысы, келушіні әдемі қарсы алып, шығарып салуға дейін сараптап, бұйырған күні дүкенімді ашармын.

Дизайнер Дамиля Жұмабектің туындысы

— Қазақстандық сән апталығына қатысуға ұсыныс түсті ме?

Айнұр Бақытжанқызы, дизайнер:

— Сан апталығына қатысу ойда бар. Ұсыныс болмады. Қатысудың өзі біршама ақша.  Айлық табысым осы өндірістің өсуіне жұмсалуда. Табысыма көңілім толмайды, бұдан да көп табыс табамыз деген мақсатымыз бар. Еңбек ету керек. Өндірісім шағын, әзірге айына 50 киімге дейін тігіледі.

Дизайнер Айнұр Бақытжанқызының туындысы

Дамилия Жұмабек, дизайнер:

— Қазақстан сән апталығына 2014 жылдан бері қатысып келемін. Жылына екі рет өтеді. Мені шақырады, шақырған жерден қалмауға тырысамын. Түрлі дизайнерлік конкурстарға қатысып, жүлдегер болдым. Телеарнаға шақырып тұрады, дизайнер ретінде. Айына 4-5 киім, кейде бір коллекция түгел өтеді. Бір коллекцияда 15 шақты киім-кешек болады.

Дизайнер Дамиля Жұмабектің туындысы

— Осы салада іс бастағысы келетіндерге кеңес?

Айнұр Бақытжанқызы, дизайнер:

— Ен бастысы қиындыққа төзе білу. Өз ойындағы идеяны жүзеге асыруға, өз түйсігіне сену керек. Әрі үнемі ізденісте болған жөн.

Дамилия Жұмабек, дизайнер:

— Қолдан келетініне көз жету ғой бастысы. Яғни, сенім. Қалтасында кішкене ақша болса, мата алып, ойындағы кез-келген идеяны жүзеге асырады. Эксклюзив болатындай бір киім тіксең, сұраныс болады. Әрі қарай жалғастыруға шабыт аласың. Жаныңда білікті мамандар болса, тезірек көптеп киім өндіруге болады.