«Қазхром» ТҰК» АҚ туралы

28
Фото: ctkschering.kz

«Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ — хром кендерін өндірумен және сатумен айналысады, олар жоғары сапалы болат пен суперқорытпа өндіруде, оның ішінде әуе және зымыран жасауда, атом өнеркәсібінде қолданылады. Компания сондай-ақ марганец кендерін, ферроқорытпаларды өндіруді және сатуды жүзеге асырады.

Анықтама:

  • Құрылған жылы: 1995 жыл
  • Саласы: тау-кен металлургия
  • Бас директор: Арман Есенжолов
  • Қызметкерлер саны: 19 306 адам
  • Түсім: 2018 жылы — 705,05 млрд теңге
  • Таза пайда: 306,05 млрд теңге

Компания тарихы:

Қызметін 1938 жылы хром кенін өндіруден бастаған Қазхром, кейін келе кен байыту және металлургиялық қуатын арттыра отырып, Қазақстандағы жетекші тау-кен компаниялары мен ірі жұмыс берушілердің бірі атанды.

1938 жылы — Ақтөбе облысында Дөң тау-кен байыту комбинаты құрылды. Оңтүстік Кемпірсай хромит кен орнының базасында хром кендерін өндіріп, байытатын бойынша кәсіпорын ашылды.

1940 жылы — Хром-тау кеншілер кентінің құрылысы басталды. Кемпірсай хромитінің негізінде Ақтөбе қаласында ферроқорытпа зауытын салу туралы шешім қабылданды.

1943 жылы — Ақтөбе зауыты №1 балқыту цехында қазақстандық феррохромның алғашқы легін балқытып, іске қосылды. Алғашқы металл 1943 жылы 18 қаңтарда «Комсомолка» пешінен алынды.

1959 жылы — Дөң тау-кен байыту комбинаты алғаш рет 1 күнтізбелік жыл ішінде миллион тонна кен өндірді. «Комсомольский» және «Восточный» карьерлерінде тау — кен жұмыстары басталды.

1968 жылы — Ермаковский ферроқорытпа зауыты құрылды. Қазір ол Ақсу ферроқорытпа зауыты деп аталады .

1973 жылы — Дөң ТКБК-ында алғашқы кен байыту фабрикасы іске қосылды. 1974 жылдан бастап концентрат шығаруды бастады. Сол жылы «Молодежная» шахтасының құрылысы басталды.

1974 жылы — Ақсу ферроқорытпа зауытында форроқорытпаның алғашқы миллион тоннасы өндірілді. Сол жылы құрамында сегіз пеші бар № 4 балқыту пешінің құрылысы аяқталды.

1978 жылы — ДӨҢ ТКБК-нда «Центральная» шахтасының құрылысы басталды.

1970-1982 жылдар аралығында Ақсу ферроқорытпа зауытында 26 пеш іске қосылды.

1986 жылы — Ақсу ферроқорытпа зауытының ФС-45 маркалы ферросилициі әлемдегі ең үздік деп танылды. Бұны Люксембург Халықаралық сауда Палатасы куәландырды.

1995 жылы — Ақтөбе және Ақсу ферроқорытпа зауыттары мен Дөң тау-кен байыту комбинатын біріктірген тау-кен металлургия саласының ірі кәсіпорны «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ құрылды. 2004 жылы оның құрамына «Қазмарганец» кен басқармасы қосылды.

1997 жылы — «Тур» кенішінің игеріле бастады.

2001 жылы — Толық қуаты екі миллион тоннаға жететін «Центральная» шахтасы іске қосылып, оған «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» деген атау берілді.

2005 жылы — Дөң тау кен байыту комбинатында жылына қуаты 600 мың тоннаға жететін ұсақ кластарды айыту бөлімі іске қосылды. Қуаты жылына 700 мың тоннаға жететін шекемтас өндіру цехы жұмысын бастады.

2008 жылы — Ақсу ферроқорытпа зауытында ферроқорытпаларды теңіз контейнерлерімен жөнелту учаскесі жұмысын бастады. Ақтөбе ферроқорытпа зауытында мұндай учаске бір жыл бұрын ісе қосылған.

2009 жылы — Ақтөбе ферроқорытпа зауытында № 4 балқыту пешінің құрылысы басталды.

2011 жылы — Ақсу ферроқорытпа зауытында тұндыру кешенінің құрылысы басталды. Осы жылы ТМД-да бірегей, теңдесі жоқ — агломерация цехы іске кірісті.

2014 жылы — Ақтөбе ферроқорытпа зауытының № 4 балқыту пеші өз жұмысын бастады.

2017 жылы — Ақсу ферроқорытза зауытында «№ 6 балқыту цехын қайта жаңарту» ауқымды инвестициялық жобасын жүзеге асырыла бастады. Осы жылы Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты «Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы» шахтасындағы «Первомайское» кен орны өндірістік жұмысын бастаған.

Активтері:

«Қазхром» АҚ құрылымына төрт негізгі өндірістік бөлімше кіреді: Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Қазмарганец» кен басқармасы, Ақсу және Ақтөбе ферроқорытпа зауыттары.

Дөң тау-кен байыту комбинаты — хром кентастарын өндірумен және оны байытумен айналысатын кәсіпорын. Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы Хромтау қаласында орналасқан. Донской (Дөң) хромит кен басқармасы Кемпірсай хромит кендерін 1938 жылдан пайдаланып келеді. 1973 жылы қуаты 1 млн. т кен байыту фабрикакасы іске қосылып, хром кентастарын күрделі ортада байыту технологиясы енгізілді. 1975 жылдан кен басқармасы Дөң Кен Байыту Комбинаты болып аталады, ал 1993 жылдың 29 желтоқсанында Дөң Кен Байыту Комбинаты акционерлік қоғамы болып қайта құрылды.

  • Жылдық өнім көлемі: 3,7 млн тонна
  • Директоры: Виктор Вальдемарович Тиль
  • Жұмысшы саны: 8000-нан астам.

Дөң Кен Байыту Комбинаты ТМД елдерінде өндірілетін хром кентастары көлемінің 95%-ке жуығын өндіреді, ал хром кентастарының қоры мен оны өндіруде дүние жүзі бойынша екінші орында (Оңтүстік Африка Республикасынан кейін).

Комбинат құрамына ашық әдіспен кен өндіретін үш карьер бар. Сондай-ақ, оның құрамына Дөң кен орны, екі жер асты кеніші, екі ұсақтағыш-іріктеуіш фабрика және кен-байыту фабрикасы кіреді.

Ақсу ферроқорытпа зауыты. Хром, кремнийлі және марганецті қорытпалар өндірісі бойынша дүниежүзіндегі жетекші металлургиялық кәсіпорын.

1962 жылдан ферроқорытпа зауытының өнеркәсіптік нысандарының құрылысы басталды. Бірінші кезегі 1967 жылы іске қосылды. 1968 жылдың қаңтар айында зауытта ферроқорытпалардың бірінші тоннасы балқытылды, ал 1970 жылдың шілде айында № 2 цехтың 8 балқыту пештерінің іске қосылуы аяқталды. 1995 жылы кәсіпорын «Қазхром»Трансұлттық компаниясының құрамына кірді.

  • Жылдық өнім көлемі: 1 млн тонна
  • Директоры: Сергей Леонидович Прокопьев
  • Жұмысшы саны: 6000-нан астам.

Зауыттың құрамында төрт ферроқорытпа цехы, 28 электр пештері, шихта дайындау цехы, агломерациялық цех және т.с.с  бар.

Ақтөбе ферроқорытпа зауыты. Химиялық тәсілдермен сапалы, аса берік шойын өндіруге қажетті ферроқоспалар шығаруға мамандандырылған металлургиялық кәсіпорын, Қазақстан қара металлургиясының тұңғышы.

Зауыт құрылысы 1940 жылы хромит кендері кенішінің маңында (Хромтау қаласы) басталып, оны екі кезекпен бітіру көзделді. 1943 жылы 20 қаңтарда феррохром алғаш рет балқытылды. 1951 жылы ферротитан, 1958 жылы феррохром өндірісі жолға қойылған. Келесі жылдары вакуумтермиялық тәсілмен феррохромды алу технологиясы енгізілді. Өнім отандық және еуропалық стандарттар бойынша шығарылады, Еуропа, Жапония және АҚШ елдеріне экспортталады.

  • Жылдық өнім көлемі: 400 мың тонна
  • Директоры: Жалғасбай Берекетұлы Мұсабеков
  • Жұмысшы саны: 4000-ға жуық.

«Қазмарганец» кен басқармасы.  2004 жылы құрылды. Әртүрлі маркалы болат өндірісінде легірленген қоспалар үшін дайын марганец концентратын (кондициялық) алумен айналысады. Кәсіпорын Қазақстандағы барланған тотыққан марганец кендерінің қорлары бойынша бірінші орында.

Кәсіпорынның құрамында екі бөлімше бар — Көлік колоннасы мен «Тур» кеніші. «Тур» кен орны 1997 жылдан бері игеріліп келеді. Қазіргі таңда кеніш жылына 480 мың тонна марганец кенін өндіреді.

  • Жылдық өнім көлемі: 360 мың тонна
  • Директоры: Бағдат Тілебергенұлы Жақбаев
  • Жұмысшы саны: 900.

Әлемдегі орны

«Қазхром» АҚ Eurasian Resources Group S.ar.l. (ERG) тобына тиесілі, оның меншік иелері ҚР Қаржы министрлігі – 40%, Алиджан Ибрагимов және Александр Машкевич – екеуінде де 20,7%, Патох Шодиев — 18,6%.

Хром қорытпаларының өндірісі мен жеткізу көлемі бойынша дүниежүзіндегі №2-ші өндіруші.

Хром кенінің сапасы бойынша әлемде №1-ші кәсіпорын.

Дереккөздер: wikipedia.org, www.erg.kz, www.kazchrome.com