Құрама жем бағасын арзандату үшін бюджеттен 30 миллиард теңге бөлінді

844

Осы жылы биыл еліміздегі құс және мал шаруашылықтары үшін құрама жем бағасын арзандату үшін бюджеттен 30 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін мәжілісте өткен дөңгелек үстел барысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, елімізде 2006 жылдан бастап мал шаруашылығындағы ірі және орта өндіріс ұйымдарын ынталандыру, соның ішінде құрама жемнің құнын арзандату үшін ішінара субсидиялау бағдарламасы жүзеге асырылуда.

«Мал және құс шаруашылығының өзіндік құны құрылымында 40-тан 80 пайызға дейінгі шығындар негізінен олардың азығына кетеді. Сондықтан да, құрама жем өндіретін кәсіпорындарды қолдау үшін министрлік тарапынан құрама жемді субсидиялау жүзеге асырылуда. Осыған орай, жыл сайын жемді арзандату мақсатына бөлінетін бюджеттік қаражат көлемі де артып отыр. Биыл бұл бағытта бюджеттен 30 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл 2010 жылға қарағанда екі есеге артық көрсеткіш», — деді С.Омаров.

Оның айтуныша, қазіргі таңда республика аумағында құрама жем өндіретін 69 кәсіпорын жұміс істеуде. Бұл кәсіпорындардың құрама жем өндіру бойынша қуаттылығы жылына 1,9 млн тоннаны құрайды. Бұл ретте құрама жем зауыттарының жүктелімі 45 пайызға тең.

Айта кетерлік жайт, соңғы уақытта құрама жем зауыттарын қолдау мәселесі жанданып келеді. Мәселен, 2006 жылдан 2014 жылға дейін «ҚазАгроҚаржы» АҚ тарапынан құрама жем қауыттары үшін құрал-жадық сатып алу бойынша жалпы құны 1 млрд 904,5 млн теңгені құрайтын 20 жоба қаржыландырылған.