Ресей қаза болған қазақ жауынгерлерінің сүйегін елге тапсырды

Мәскеу. 24 маусым. 7kun.kz –Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде соғыста қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің сүйегін тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлайды 7kun.kz.

Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде соғыс жылдарында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер:

Петр Абрамович Фоменконың (1918 жылы туған, Қостанай облысының тумасы, оның сүйегін Санкт-Петербург қаласының «Святой Георгий» іздестіру жасағы тапқан), Төрегелді Үркербаевтың (Алматы облысы, Жамбыл ауданының тумасы, сүйегін Воронеж қаласының «Патриот» іздестіру жасағы тапқан) және Николай Матвеевич Гуровтың (1922 жылы туған, Алматы облысының тумасы, Заинск қаласының «Гвардия» іздестіру жасағы тапқан) сүйегін тапсыру салтанатты рәсімі өтті.

«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Молдағалиев Қазақстан аумағынан 1,5 миллионнан астам адам шақырылғанын, олардың 600 мыңнан астамы қаза тапқанын және 271 мыңнан астам сарбаз хабар-ошарсыз кеткенін еске салды. Ол «Ресейдің іздеу қозғалысы» ұйымына, «Патриот» және басқа да іздеу топтарына алғыс айтты.

Қазақстандық және ресейлік іздеу жасақтарының бірлескен жұмысы жалғасатын болады.

Жақын арада Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің өкілдері қызыл әскер жауынгерлерінің сүйегін туған жерінде лайықты құрметпен жерлеу үшін марқұмдардың туыстарына тапсырады.