Ресейлік «Когалымавиа» әуе компаниясы жұмысын тоқтатты. Еске салайық, бұл компанияға тиеселі A321 ұшағы Синай түбегінде апатқа ұшырап, 217 адам мен 7 экипаж мүшесі қаза тапқан еді.
Ресейлік БАҚ-ның жазуынша әуе компаниясының жұмысын тоқтатуына себеп — Египет пен Түркияға жеке чартерлік рейстерді болдырмау туралы Үкімет шешімі.
Ұшу сапарларын 20 қарашада тоқтатқан компания қызметкерлерін ақылы демалысқа жіберген. Әзірге Росавиация әуе компаниясына ұшуға рұқсат беретін сертификатты қайтарып алмаған. Яғни, компания заң жүзінде ұшуды жалғастыра алады.
Аталған компания 1993 жылы құрылған. 2011 жылды атын Metrojet деп өзгертіп, чартерлік рейстерді жүзеге асырумен ғана айналысқан еді. Компанияның негізгі ұшу бағыты Египет пен Түркия болатын. Алайда бұл бағыттарға ұшуға тиым салынған соң, компания да жұмысын тоқтатуға мәжбүр болып отыр.