Салымшылар Қазкоммерцбанктен қаша бастады

2016 жылдың желтоқсанында Қазкоммерцбанк депозиттері 700 млрд теңгеге дейін қысқарды, бұл жалпы көлемнің 19,5%-ы. Яғни, банк әрбір бесінші салымшысынан айырылған. Бұл туралы Атамекен бизнес каналының жариялаған мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.

Bloomberg-ке берген сұхбатында президенттің: «Құлауға жол бермейміз» деген сөзі желтоқсан айында Қазкоммерцбанк депозиттерінің үштен бір бөлігін жоғалтуына сеп болған сыңайлы. Алынған қаражат сомасы 2,2 млрд доллар.

2016 жылдың желтоқсанында банк депозиттері 700 млрд теңгеге дейін қысқарды, бұл жалпы көлемнің 19,5%-ы.

Теңгерім есебіне сәйкес, банктің корпоративтік және бөлшек депозиттері желтоқсанда 3,55 трлн теңгеден 2,86 трлн теңгеге дейін төмендеді. Ең жедел көшкені корпоративті сектор болды. Заңды тұлғалар салымының үлесі 29,5%-ға (немесе 613,1 млрд теңгеге) қысқарып, 1,47 трлн теңгеге төмендеді. Жеке тұлғалардың жинақтары 5,5%-ға (81,2 млрд теңгеге) қысқарып, 1,39 трлн теңгеге жетті.

Желтоқсан айында банк активтері 6,6%-ға (немесе 345,24 млн теңгеге) төмендеп, 4,87 трлн теңгеге жетті. Банк міндеттемелерінің 7,6%-ға (немесе 359 млрд теңгеге) төмендеуі теріс динамикаға елеулі әсер етті.

Қазкоммерцбанктен қашқан салымшылар негізінен салымын Халық банкке ауыстырған. Осылайша, корпоративті және бөлшек салым есеп беру айында 12,6%-ға (немесе 387,3 млрд теңгеге) өсіп, 3,45 трлн теңгеге жетті. Құрылымда заңды тұлғалардың үлесі көп болды – өсім 21,2%-ға жетіп (немесе 317,7 млрд теңге), 1,81 трлн теңгені құрады.

Салымшылардың Халық банкіне ағылуы, оны еліміздің екінші деңгейлі банктері арасында бірінші орынға шығарды. 2017 жылдың басында банк активтері 4,89 трлн теңгені – айлық өсім 5,2%-ды немесе 242 млрд теңгені құрады. Қазкоммерцбанк активтерінің көлемі жөнінен 4,87 трлн теңге көрсеткішімен екінші орынға түсті.

Өткен жылдың 22 қарашасында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Қазкоммерцбанктің күйреуіне жол бермеймін дегенін жазады finanz.ru.

«Біз Қазкоммерцбанкті қалыпты жағдайға шығаруымыз қажет. Біз бұл банктің күйреуіне жол бермейміз», — деп Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін келтіреді басылым Bloomberg-ке сілтеме жасап.

Хабарламаға сәйкес, үкімет банкті қолдаудың екі нұсқасын талқылау кезінде: акционерлер тарапынан қаржыландыру немесе акционерлердің өтінішінен кейін қаржы институтының мемлекеттік қолдау көрсету.

Жаңалық ел ішінде әртүрлі көзқарас тудырды және салымдардың қозғалысын бағамдасақ, қарқынды әрекеттің басталуына негіз болды. Қарашада банк 112,9 млрд теңге салымын жоғалтты, оның 77 млрд теңгесін корпоративті клиенттер алып кетті. Желтоқсан айында салымдардың банктен жаппай шығарылуын ескерсек, банктің депозит қоры 807,2 млрд теңгеге немесе 2,48 млрд долларға азайды (биржалық бағам бойынша 2 ақпанда бір долларға 325 теңге есептеледі).

Желтоқсан айында салымшылардың банктен үдере қашуы банк активтерінің сатылу қабілетінің төмендеуіне әкелді. 23 желтоқсанда Bloomberg агенттігі өз дереккеөздеріне сілтеме жасап, мынадай хабарлама жасады: 15 желтоқсанда Қазкоммерцбанк Ұлттық банктен 400 млрд теңге қарыз алған, салалық мемлекеттік органға банкті құтқару үшін тапсырма берілген.

Агенттіктің ендігі бір дереккөзі, жақын арада Ұлттық банк Қазкоммерцбанкті жұту бойынша келіссөз жүргізе бастауы мүмкін екенін айтты. Басы даулы қаржы институтын құтқару жоспары 1,5 трлн теңгеге бағаланып отыр, алайда қорытынды баға ойыншылар мен реттеуші арасындағы келіссөзге байланысты болады.

26 желтоқсанда Ұлттық банктің баспасөз қызметі банкті тиісті деңгейде ұстап тұру үшін 400,8 млрд теңге бөлгенін растады. 200,8 млрд теңге сомасындағы қарызды 2017 жылдың наурызында толық өтеу жоспарланды.

«Бүгінгі күні банктің сатуға қабілетті активтерінің көлемі жеткілікті, бұл оған алған қарызының бір бөлігін уақытынан бұрын өтеуге мүмкіндік берді. «Қазкоммерцбанк» АҚ Ұлттық банкке бөлінген қаражаттың тең жартысын қайтарды», — делінген ресми хабарламада.

20 қаңтарда Қазкоммерцбанк Халық банкімен «болашақ мәмілеге келу туралы» келіссөз басталғанын халыққа жариялаған еді. Тараптар келіссөздің бастапқы кезеңінің басталғанын растағаннан басқа елеулі ештеңе айтқан емес.

Бір аптадан соң Халық банкі басқармасының төрайымы Үміт Шаяхметова Forbes Kazakhstan-ға берген сұхбатында, мемлекеттік қолдау қажеттілігін тұспалдап, Қазкоммерцбанкті «тек жаман активтері болмаса ғана» сатып алуға болатынын мәлімдеді.

Арман Жақып