Сарапшы: Журналистер не жазып жатқанын өздері түсінбейді

758
Фото: mucostarica.wordpress.com

Қазақстанда нақты бір салада ғана жазатын журналистер саны аз болса, сарапшылардың айтуынша, экология мәселелерін жазуға өзін толықтай арнаған тілшілер мүлдем жоқ. Экожурналистердің болмауы — Орта Азия елдерінің барлығында кездесетін мәселе. Мамандар мұны журналистердің ізденіп, ақпаратты нақтылауға уақытының жоқтығымен, сондай-ақ сарапшылар тапшылығымен байланыстырады.

Жүрген жеріңіздегі ауаның ластану деңгейін анықтап беретін AUA ұялы телефон қосымшасының өкілі Анель Молдахметова аталған жобаның қажеттіліктен пайда болғанын айтады. 2015 жылдың қарашасында шыққан бағдарлама менеджері экологиялық мәселелерді жазуда журналистер біраз нәрсені дұрыс түсінбейтінін айтады.

14202621_1063491720431029_1727108753078941748_n

 — Бағдарламаны шыққанға дейін де, кейін де БАҚ-ты бақылап, оқып жүрдік.  Экологиялық мәселелердің, оның ішінде ауаның ластануы туралы ақпараттар сол кездері көптеп жарияланды. Бірақ, байқағанымыздай, ақпараттардың көбі — қате, материалдар үстіртін беріледі, не бұрмаланады. Бұл әлі де жалғасып келеді, — дейді маман.  

Жуырда Internews халықаралық ұйымы «Орталық Азиядағы қоршаған орта және табиғи ресурстар мәселелерін тиімді жариялауға арналған медиа» атты жаңа жоба бастады. Осының аясында Қазақстандық БАҚ-тың экологиялық мәселелерді жариялау жиілігі мен материалдар сауаттылығын зерттеген дата-коллектор, эколог Ирина Колчина журналистер өздерінің не жазып жатқанын түсінбейтінін айтады.

— Қазақстандық БАҚ-та экологиялық мәселелер мен соған қатысты жаңалықтар өте сирек жарияланады. Жарияланған материалдарда мәселені түсіндіруде, қарапайым терминдерде қате көп. Бұл, біріншіден, журналистердің осы саладағы білімінің жоқтығынан. Екіншіден, түсіндіріп беретін сарапшылар аз, оның үстіне оларды табу да қиын. Зерттеу керек, іздеу керек. Ал журналистерде ол үшін уақыт жоқ. Себебі, бір ғана экологияны жазып жүру журналиске нан әкелмейді. Осындай көп салалылық материалдар сапасын түсіреді, — дейді Ирина Колчина.

Жиынға қатысқан журналистердің арасында халыққа экологиялық тақырып қызық емес екенін, ол туралы ақпаратпен салыстырғанда жемқорлық секілді шулы тақырыптар көп оқылатынын айтқандар болды. Бірақ «Internews Network» басшысы Ержан Сүлейменов мұны журналистің шеберлігіне байланысты екенін айтады.

Фото: mediakuryltai.kz
Фото: mediakuryltai.kz

— Экология мәселесімен кез келген адамды қызықтыруға болады, себебі оған қатысты әрбір жаңалық адам өміріне әсер етеді. Журналистер материалды дұрыс бере алуы керек. Сосын экологиялық мәселелердің түсіндіру жұмыстарына билік өкілдері де жауапты, бірақ оған дұрыс көңіл бөлінбейді. Мысалы, Алматы қаласының табиғи ресурстар басқармасы экологиялық ақпарат бөлімінде екі-ақ адам жұмыс істейді. 2 млн халқы бар қала үшін бұл көрсеткіш тым аз, — деп пікір білдіреді сарапшы.    

Аталған шараға қатысқан Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы экологиялық ақпарат бөлімінің басшысы Нұрбол Сембеков  өз кезегінде журналистер мен халықтың қоршаған орта туралы қызығушылығы артып келе жатқанын айтады.

— Экологиялық ақпарат бөлімінде 2 адам қызмет етеді және мұндай арнаулы бөлім тек Алматы қаласында ғана жұмыс істейді. Бүгінде Алматы әкімі экологиялық мәселелерге мән беріп отырғанын айта кету керек. Біз қаладағы көлік статистикасынан бастап экологиялық мәселелерге қатысы бар кез келген ақпаратпен қамтамасыз етеміз, — дейді бөлім басшысы.

«Орталық Азиядағы қоршаған орта және табиғи ресурстар мәселелерін тиімді жариялауға арналған медиа» жобасының директоры Фарход Рахматов Орта Азиядағы БАҚ-тың экологиялық мәселелерді қаншалықты сауатты және жиі жариялайтынын зерттеп жатқанын айтады. Әзірге Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанның  масс-медиаларына мониторинг жасалған. Оның айтуынша, үш елде де бір мәселе: материалдар терең емес, көбі пресс-релиздерден көшіріледі, я ақпарат дұрыс жеткізілмейді. Жоба директоры зерттеудің толық қорытындысын қыркүйектің соңында жариялайтынын айтты.

Аян ҚАЛМҰРАТ, «7»