Сауалнама: Қарызбен өмір сүру қорқынышты ма?

43
Қарыз
Фото: saryarka-samaly.kz

Қазір қазақстандықтардың көпшілігі «қарызға өмір сүріп» жүрген сияқты. Алғашында несиені тек үлкен соманы қажет ететін автокөлік, баспана алу, оқу ақысын төлеу үшін алса, қазір киім-кешек, тұрмыстық заттар, техника мен тамақ алу үшін де несие рәсімдеуге болады. Үстемақысының көп болғанына қарамастан біреулер қиналғаннан, біреулер алданғаннан қарыз алып жатады. Біреулер мұны жақсы өмір сүру талпыныс деп бағаласа, біреулер экономикалық сауатының төмендігінен деп біледі.  Шын мәнінде қарызға өмір сүру қорқынышты ма? Бұл туралы қазақстандықтардың өздерінен сұрап білдік.

Шырын Агибаева, Астана университетінің оқытушысы, мамандығы заңгер, 26 жаста: «Қарызға алған білім» — жауапкершілік жүктейді

Қарызбен өмір сүрудің қорқынышты ешнәрсесі жоқ. Қарыз алу деген қазақтарда ежелден бар. Өсім деген де болған. Біздің елімізде мектеп бітіруші түлек мемлекеттік грантқа ілінбесе, оны оқыта алмаймыз деген қате көзқарас қалыптасқан. Шетелде мемлекеттік грант Қазақстандағыдай көп емес. Талапкерлердің көпшілігі несиеге оқиды. Кәмелеттік жасқа толған талапкер банктен оқуының ақысын төлеу үшін білім беру несиесін алып, кейін оқуын бітіріп, жұмыс істеген соң банктен алған қаражатын қайтарып береді. Ал бізде баласы оқуға түспей қалса, ақырзаман тақағандай болады. Сосын ата-анасы несие алып, ақылы бөлімде оқытады. Ондай бала жауапкершілікті сезінбеуі мүмкін. Өзін өмір бойы ата-анасына қарыздар сезініп өтетіндер де бар. Мұндай жағдайда талапкерде таңдау еркіндігі болмайды. Ақшасын ата-анам төлеп отыр ғой деп, ата-анасы таңдап берген мамандықты меңгереді. Өзі қаламайтын жұмысқа орналасады. Мұндай жағдайда одан жақсы қызметкер, табысты адам шықпайды.

Қанат Ибраев, тұрмыстық техника шебері, 46 жаста: Қарыз алуға жоспарланбаған шығындар әсер етеді

Шама келсе, қарыз беріп те, алып та қажет емес. Алайда, қазір қазақстандықтардың айлығы несие алуға мәжбүрлейді. Себебі, үлкен техника сатып алу үшін бір айлық жеткіліксіз. Сондықтан, бөліп төлеу, несие алуға жүгінеді. Сосын адамдарда жоспарланбаған жағдайлар жиі кездеседі. Той-томалақ, өлім-жітім, үйге аяқ астынан жөндеу жұмыстарын жүргізу керек, көлігің бұзылып қалсағ соны жөндету керек. Бірақ барлық адамда осындай қосымша жоспарланбаған шығындарды жабатын қор қаражаты болмайды. Сондықтан, қарыз алуға тура келеді. Өзім ауылдық жерде тұрмыстық техникаларды жөндеумен айналысамын. Менің атқаратын қызметім жаңа айтқан жоспарланбаған шығындардың қатарына кіреді. Сондықтан, клиенттерімнің көпшілігі «келесі айлықтан берем» деп құтылады. Келесі айлығында тағы бір шаруасы шығады. Сонымен, өзімнің таза еңбегімнің ақысын ала алмай ұзақ жүремін. Қазақта көңілжықпастық деген бар. Ауданымыз шағын болғандықтан, өз ауылыңдағы, көрші ауылдағы тұрғындардың бәрін танисың. «Қарызыңды қайтар» деп айта алмайсың. Лажы болса, қарыз алып та, беріп те керек емес.

Динара Қажыбай, жеке кәсіпкер, 36 жаста: Адамда көңілжықпастық бар, ал банкте жоқ

Адам болған соң, қарызсыз өмір сүре алмайсың. Өзімнің Алматы қаласында шағын азық-түлік, тұрмыстық заттар сататын жеке дүкенім бар. Тұрақты тұтынушыларымыз бар. Кейде ақшасы болмай тұрғанда қарыз сұрайды. Тұтынушыларыңнан айырылып қалмау үшін қарыз бересің. Бірақ, көпшілігі уақытында қайтармайды. Сол үшін көңіл-күйіңді құртып, ашуға бой алдыратын кездер де болады. Қанша рет өз-өзіме енді ешкімге қарыз бермеймін деп серт берсем де, қолымнан келмей жүр. Адамда жүрек бар, түсінік бар. Оның үстіне, қазақ халқына тән көңілжықпастық бар. Ал банктен қарыз алсаң, олар сенің жағдайыңа қарамайды ғой. Алғашында кәсібім жүрмей, несиені уақытында өтей алмай жүрген сәттерім болды. Сол кезде біреуден қарыз алып, өз ақшамды қосып, несиені төлеп жүрдім. Қазір шүкір, кәсібімнің нәсібін көріп отырмын. Сауда-саттық өз шығындарын өзі жабады. Қарыз бермесем, қарыз алмаймын.

Жансая Қанатқызы, студент, 17 жаста: Қарыз алмау үшін үнемдеуге тура келеді

Қарыз алу, қарыз беру үшін адамның қарыз алуға және қарызды қайтаруға қабілеті болуы керек деп ойлаймын. Жұмыссыз, ешқандай кірісі жоқ адамнан қарыз сұрай да, қарыз бере де алмайсың ғой. Үлкен қаражат тауып жүрген адамдар болмаса, студенттер қауымында артық ақша болмайды. Олар бәрін жоспарлап қояды. Әйтпесе, шәкіртақыдан шәкіртақыға дейін ақшаң жетпей қалады. Кейде ауырып қаласың немесе досыңның туған күніне баруың керек болады. Осындай кезде ата-анамнан ақша сұрауға тура келеді. Алайда, ай бойы ақшаны жоспарлы түрде жұисауға, ешкімнен қарыз алмауға және ешкімге қарызға ақша бермеуге тырысамын.

Айдын Искаков, студент, 20 жаста: Несиемен өмір сүру қорқынышты емес

Қазір барлық нәрсені несиеге алуға болады. Оның шарттары да жеңіл. Бірақ, менің жасым әлі 21-ге толмағандықтан көп нәрсе қолжетімсіз болып отыр. Студент болғаныммен, қосымша екі жерде жұмыс істеймін. Несиені уақытында өтейтін қабілетім бар. Бірақ, жасым жетпегендіктен өзіме қажет нәрсені сатып алу үшін несие рәсімдей алмай жүрмін. Тіпті, қазір бөліп төлеудің өсімсіз түрлері бар. Үй алу үшін де, көлік алу үшін де, техника алу үшін, тіпті тамақ пен киім алып, көңіл көтеру үшін де өсімсіз несие беріледі. Сондықтан, несие алудан қорқудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

Сауалнамаға қатысушылар осылай дейді. Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман? Қарызбен өмір сүру қорқынышты ма?