Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,2 млн-ды құрады

129
шағын
Фото: inbusiness.kz

Алматы. 9 сәуір. 7kun.kz – 2019 жылдың басында қолданыстағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,2 млн-ға жетті. Бір жыл ішінде олардың саны 8,3%-ға артты, деп мәлімдеді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

«2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпорындар саны 1,2 млн бірлікке жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 8,3% артты. Өткен жылға қарағанда жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілері санының едәуір өсуі Шығыс Қазақстан облысы мен Нұр-сұлтан қаласында тіркелген, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарындағы ең аз өсім байқалды », — деді Дәленов Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, соңғы 4 жылда кәсіпкерлікті дамытуға республикалық бюджеттен 210 млрд теңге бөлінді. Бұл ақшаға шағын және орта кәсіпкерліктің 13 мың субъектісі қаржыландырылды. Жыл сайын орта есеппен 20 мың адамнан оқытылып, 10 мың жұмыс орны құрылды.

«Жалпы шаралар нәтижесінде экономикадағы ШОК-тың маңыздылығы артты. 2015 жылы ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 24,9%-ды құрады. 2018 жылдың 9 айындағы деректер бойынша — 28,9%. Осылайша, 2015 жылмен салыстырғанда шағын және орта кәсіпкерлердің ел экономикасына қатысуы 4 пайыздық тармаққа өсті », — деді Ұлттық экономика министрі.

Айта кетейік, аймақтық экономикадағы ШОК үлесі біркелкі болмады: ШОБ үлесінің өсуі Алматы мен Шығыс Қазақстан облысының экономикасында байқалады; ал ең азы — Қызылорда, Павлодар және Қарағанды облыстарында. Сондай-ақ, соңғы 4 жылда Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарындағы ШОБ үлесі төмендеген.