Шетелдік көліктерді заңдастыру науқаны басталды

Алматы. 23 қаңтар. 7kun.kz – Шетелдік көлікті заңдастыру науқаны аясындағы алғашқы көлік Алматыда тіркелді, деп хабарлайды 7kun.kz.

Алматы тұрғыны, 39 жастағы Сейілбек Олжабеков Алматыға 2019 жылы Армениядан әкелінген көлігін тіркеді.

«Мен – көпбалалы әкемін, осы көліктің арқасында күн көремін, жеке жолаушылар тасымалымен айналысамын. Мемлекет берген осындай мүмкіндікті пайдаландым. Бұл шынымен де халықты қолдау. Біз өте ризамыз. Ақыры көлігімді заңдастыра алдым», – деді Сейілбек Олжабеков.

Айта кетйік, бүгін Қазақстанда шетелдік көліктерді заңдастыру науқаны басталды. Кез келген көлік иесі бұл науқанды пайдалана алады және заңдастыруға өтініш бере алады.

ЕGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасында шетелдік автокөліктерді заңдастыруға арналған сервис іске қосылды. Ол 1 шілдеге дейін қолжетімді болады.

ЕGov.kz порталының «Автокөлікті заңдастыру үшін тексеру» атты жаңа сервисі арқылы заңдастыра алады. Жаңа сервис тек электрондық өтініш беруге арналған.

Өтініш бойынша B (жеңіл автомобильдер) және D1 (микроавтобустар) санатындағы көлік құралдарының мынадай талаптарға сәйкестігін тексеру жүзеге асырылады:

— көлік құралын 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелу;
— көлік құралына қылмыстық белгілердің болмауы;
— кедендік тазартудың болуы

Жаңа сервисті Электрондық үкімет порталының басты бетіндегі «Сервистер» бөлімінен және «Көлік және коммуникациялар» — «Автокөлік көлігі» бөлімінен табуға болады. Сонымен қатар, осы сервис eGov Mobile мобильді қосымшасының «Жүргізу және көлік» бөлімінде қолжетімді.

««ҰАТ» АҚ командасы ҚР ЦДИАӨМ және ҚР ІІМ-мен бірлесіп eGov.kz порталында электрондық өтініш беру үшін жаңа сервисті жүзеге асырды. Шетелдік автокөліктерді заңдастыру рәсімі екі кезеңде жүреді. Автокөлік иелері алдымен eGov.kz порталында өтініш беру қажет, содан кейін автокөлікті тексеру, көлік құралын тексеруден өткізу, тіркеу алымын төлеу және мемлекеттік нөмірді алу үшін Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну керек», – деп атап өтті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма Төрағасы Ростислав Коняшкин.

EGov.kz порталында электрондық өтініш беру үшін көлік иесі мына талаптарды орындау керек:

— тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелу;
— Қазақстан Республикасы азаматтығының болуы;
— мобильді азаматтар базасында (МАБ) тіркеудің болуы;
— автокөліктің және көлік құралының бұрынғы иесі туралы барлық — қажетті мәліметтерді толтыру;
— тексеруге сұрау жіберу;
— көлік құралын тексеруден өткізу үшін Арнайы ХҚКО-ға электрондық кезекті брондау.

Қызмет көрсету нәтижесі eGov.kz пайдаланушыcының жеке кабинетіне 15 минут ішінде Хабарлама ретінде жіберіледі немесе бас тарту туралы дәлелді жауап ретінде келеді.

Хабарламаны алғаннан кейін автомобиль иесіне автокөлікті тексеру, көлік құралын тіркеуден өткізу, 200 мың теңге мөлшерінде тіркеу алымын төлеу, мемлекеттік нөмір мен көлік құралының куәлігін алу үшін Арнайы ХҚКО жанындағы тексеру пункттеріне көлік құралын ұсыну қажет.

Жаңа сервис «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік қызметтер Комитеті мен ҚР Ішкі істер министрлігінің бірлескен жұмысының арқасында іске асырылды.