Шымкент мектептерін спорт жабдықтарымен қамтамасыз етудің басты проблемалары

40
фото: freepik.com

Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, қалада 133 орта мектеп бар екен. Ол жерде 178 мыңнан астам бала білім алады. Өткен жылы осы мектептердің спорт жабдықтарымен қамтамасыз етілу жағдайын зерттеп көргенімізде, көптеген пробемалардың бар екенін білдік.

Алдымен осы саланы реттейтін норматив құжаттармен танысып көрдік. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2016 жылдың 22 қаңтарындағы «Мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарын, сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларын бекіту туралы» №70 бұйрығы – осы саланы реттейттін негізгі құжат.

Осы нормативке сәйкес, орта мектептерде дене шынықтыру сабағын өтуге қажет 95 түрлі жабдық болуы керек. Онымен бірге, әр жабдық түрінен қанша дана болуы керек екенін анықтайтын қосымша сан көрсеткіштері де бекітілген. №70 бұйрықтың негізінде қала мектептерінің қамтамасыз етілуі жағдайына шолу жасап көрейік.

Зерттеуге негіз ретінде 6 орта мектептің көрсеткіші алынды. Дене шынықтыру пәні мұғалімдерімен тереңдетілген сұхбат жүргізу нәтижесінде алынған мәліметтерден мынадай нәтиже шықты:

70 бұйрыққа сәйкес, әр мектепте 95 түрлі жабдық болуы керек болса, қазіргі қамтылу деңгейі осындай. Айтып өткеніміздей, әр жабдықтың ішкі сан көрсеткіштері бар. Ол жердегі жағдаймен танысып көрсек:

Көріп отырғаныңыздай, бұйрыққа сәйкес әр мектепте 15 комплект тоғызқұмалақ болуы керек болса, қазіргі қамтылу деңгейі 28%. Басқа жабдықтар бойынша да жағдай осымен шамалас. Неге бұлай болып отыр? Арнайы норматив бар, қанша керек екені белгілі. Проблеманың себебін алдымен қаржыландыру жағынан іздеп көрдік. Сөйтіп, Шымкент қалалық білім бөлімінің (Шымкент қаласы статусы өзгергеннен кейін бұл мекеме басқарма боп аталады) 2016 және 2017 жылдарда жүргізген сатып алу жұмыстарына сараптама жүргіздік.

2016 жылы бұл салаға 6 930 735,72 теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстарынан соң 5 214 413,28 теңге жұмсалған. Барлығы 9 түрлі жабдық сатып алынған.

Жабдық атауы

Дана

Бағасы

(теңге)

Жосп. сома

(теңге)

Ұтып алған мекеме

Бағасы

(теңге)

Қорт. сома

(теңге)

Гимнаст. шығыршық

1240

1339,29

1 660 719,60

ИП Головко Т.П.

1040

1 289 600

Ракетка

496

625

310 000

«B Finance Group» ЖШС

500

248 000

Насос

124

1339,29

166 071,96

ЖК Изтилеуова

1000

124 000

Шарик (стол теннисіне)

744

44,65

33 219,60

«B Finance Group» ЖШС

35,72

26 575,68

Футбол добы

248

2678,58

664 287,84

«Вектор Партнер« ЖШС

1950

483 600

Ракетка (теннис торы)

248

2678,58

664 287,84

«Вектор Партнер« ЖШС

1707

423 336

Баскетбол добы

496

2678,58

1 328 575,68

«Вектор Партнер» ЖШС

1888

936 448

Футбол қақпасы торы

248

6250

1 550 000

«MEGA-БЕН Строй» ЖШС

5000

1 240 000

Гимнаст. скакалка

1240

446,43

553 573,20

«B Finance Group» ЖШС

357,14

442 853,6

Барлығы

6 930 735,72

5 214 413,28

Дереккөз: www.goszakup.gov.kz сатып алу порталы

Ал 2017 жылы барлығы 9 775 889,72 бөлініп, сатып алу жұмыстарынан кейін 7 050 989 теңге жұмсалған. Сатып алынған жабдық түрі – 12.

Жабдық атауы

Дана

Бағасы

(теңге)

Жосп. сома

(теңге)

Ұтып алған мекеме

Бағасы

(теңге)

Қорт. сома

(теңге)

1

Мини футбол торы

52

7589,28

394 642,56

«АЙ-МАР KZ» ЖШС

6345

329 940

2

Стол теннисіне арналған ракетка

80

2678,58

214 286,40

«АЙ-МАР KZ» ЖШС

1875

150 000

3

Баскетбол добы

423

3571,42

1 510 710,66

«АЙ-МАР KZ» ЖШС

2440

1 032 120

4

Шығыршық

159

2678,58

425 894,22

«АЙ-МАР KZ» ЖШС

1740

276 660

5

Футбол добы

500

4017,85

2 008 925

Сабыржан

2450

1 225 000

6

Гимнаст. төсеніш. Брезент

92

11607,16

1 067 858,72

«АЙ-МАР KZ» ЖШС

10800

993 600

7

Волейбол добы

579

3205,36

1 855 903,44

Сагумбаева Айгуль Азатхановна

2123

1 229 217

8

Футбол қақпасы торы

24

13392,40

321 428,40

«АЙ-МАР KZ» ЖШС

10 460

251 040

9

Баскетбол торы

218

1071,42

233 569,56

Сагумбаева Айгуль Азатхановна

660

143 880

10

Гиря. 16 кг*

78

11500

897 000

ЖК Елшина Л.С.

8394

654 732

11

Гиря. 8 кг*

94

5357,14

503 571,16

«АЙ-МАР KZ» ЖШС

5350

502 900

12

Гимнаст. Скакалка*

485

705,36

342 099,60

Сагумбаева Айгуль Азатхановна

540

261900

Барлығы

9 775 889,72

7 050 989

Дереккөз: www.goszakup.gov.kz сатып алу порталы

Осы көрсеткіштерден мысал ретінде футбол добын алайық. Аталған бұйрыққа сәйкес әр мектепте 30 дана футбол добы болуы керек. Сонда қаладағы 133 мектептің қажеттігі 3990 дана болып шығады. Ал 2016 жылы 248 дана сатып алынған. Бұл қажет көлемнен 3742 данаға, немесе 16 есе аз. 2017 жылы 500 дана сатып алынған. Бұл 3490 данаға, немесе 8 есе аз. Басқа жабдықтар бойынша да жағдай солай.

Білім басқармасы маманымен болған тереңдетілген сұхбат кезінде себебін сұрағанымызда, бөлінетін қаржы көлемінің аздығымен түсіндірді:

«Аз ғана сумма беріледі. Ол жетпейді. Олар қанша сұраныс бергенімен, мына жақтан қаржы бөлінбегеннен кейін сұраныстарын толық қанағаттандыра алмайды ғой оның» (Шымкент қалалық білім басқармасының маманы)

Ал қаржы бөлу мәселесін бұл басқарма емес, қалалық қаржы бөлімі шешеді.

Мемлекеттік сатып алу жұмыстарына сараптамадан белгілі болған тағы бір жағдай – бөлінген аз ғана қаражаттың мақсатсыз жұмсалуы (кестеде қою шрифтпен ерекшеленген). 2016 жылы сатып алынған гимнастикалық скакалка мен 2017 жылы сатып алынған 8 және 16 кг кір тасы мен гимнастикалық скакалка БҒМ №70 бұйрығына сәйкес мектептерде болуы тиіс жабдықтар түріне жатпайды. 2016 жылы гимнастикалық скакалкаға 442 853,6 теңге жұмсалған. Бұл жалпы жұмсалған қаржының 8,5% құрайды. Ал 2017 жылы сатып алынған гимнастикалық скакалка, 8 және 16 кг кір тасына жұмсалған қаржы 1 419 532 теңге. Бұл осы жылы жаратылған қаржының 20% құрайды. Бұл сатып алу жұмыстарын жоспарлаған кезде арнайы норматив талаптарын сақтамаудан болып отыр.

Енді алынатын жабдықтардың сапа көрсеткіштеріне тоқталсақ. Мектептердің пән мұғалімдерімен сұхбат кезінде және спорт залдардағы жабдықтарды көрген кезде бөлінетін жабдықтар сапасының өте төмен екені белгілі болды. Мәселен, қыркүйек айында қолдана бастаған жап-жаңа доптар айдың соңында толық тозығы жетіп, қолдануға жарамай қалады. Оқу жылының қалған айларында оқушылар жабдықтарсыз сабақ өтуге мәжбүр. Ол туралы тереңдетілген сұхбат кезінде пән мұғалімдері де айтып берді:

«Бұрынғыдай сапасы өте төмен жабдықтар беріледі. Берілген доптар ары кетсе 2-3 аптаға ғана жетеді. Сосын пайдалануға жарамай қалады» (Респондент №1, он жыл еңбек өтілі бар ұстаз)

Білім бөлімінің маманы мұны бөлінетін қаржының аздығымен түсіндіреді: «Сапа жағынан болғанда, аз ақша бөлінгеннен кейін ондай қымбат доп қоймайды ғой. Аз ақшаға волейбольный да алу керек, баскетбольный да алу керек. Сетка алу керек. Баскетбол торы, футбол торы алынып жатыр».

Бұл проблеманың басқа да себептерін өздеп көрдік. Егер алынатын жабдықтардың сапа стандарттарын бекітетін арнайы құжат бар болса, қаржы қанша аз бөлінгенімен, сапасыз жабдық алынбауы керек еді деген сұраққа жауап іздедік. Нәтижесінде қазір мектептерге алынатын спорт жабдықтарының сапа стандарттарын бекітетін арнайы құжат жоқ екені анықталды. Демек, дәл қазір қаржы жеткілікті көлемде бөлінгеннің өзінде, сапалы жабдықтар алынатынына кепілдік жоқ. Өйткені, техникалық шарттарын жазғанда негізге алатын арнайы норматив жоқ. Бұл қаржының жеткілікті бөлінуімен қатар, сапа стандарттарын бекітетін норматив жарату керек деген талап тудырады.

Бұл проблеманың тағы бір себебі – тұрақты тексеру жұмыстарының жүргізілмеуінде болып отыр. Бүгінге дейін осы проблема анықталып, тиісті шара қолданылған мысалдар туралы біле алмадық. Ал Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзу туралы заңы 409 бабының 8 тармағында спорт жарыстары және дәрістері өтетін орындарды тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін заңды тұлғаға 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады деп көрсетілген. Ал қазір ондай жағдайлар туралы бізге белгісіз.

Сонымен, дәл қазір Шымкент қаласындағы орта мектептерді спорт жабдықтарымен қамтамасыз ету саласындағы басты проблемалар мыналар:

  1. Бөлінетін қаржының жеткіліксіздігі;

  2. Алынатын жабдықтардың сапа стандарттарын бекітетін арнайы норматив құжаттың болмауы;

  3. Тұрақты тексеру, мониторинг жүргізілмеуі. Қадағалаудың жоқтығы.

Әдетте, балалар – біздің болашағымыз, барлығы солар үшін дегенді көп айтамыз. Ал іс жүзінде болашағы ең аз қамтамасыз етілген топ балалар болып отыр. Қазіргідей жағдаймен дені сау, салауатты ұрпақ өсіреміз деп айту қиын.

Зерттеуді жүргізген — Ғалымжан Оразымбет