Шымкентте 300-ден астам жаңа көпқабатты тұрғын үй салынады

Шымкент

Шымкент. 4 мамыр. 7kun.kz — «Шымкент-сити» жобасы аясында 300-ден астам көпқабатты тұрғын үй бой көтереді. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Салынатын тұрғын кешенінің аумағы 427 га. Қалашық 70 мыңға жуық тұрғынға есептелген.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың айтуынша, мұнда 316 көпқабатты үй соғылады. Баспаналар 9, 12, 16 қабаттан тұрады. Құрылыс орталығында көлемі 49 га болатын саябақ алаңы орналасады.

«»Шымкент-ситиде» жанға жайлы қажеттіліктің бәрі қарастырылған. Әлеуметтік нысандар – мектептер мен балабақшалар, емханалар және шаһарлықтардың бір сәт тынығатын орындары бой көтереді деп жоспарлап отырмыз», — дейді жоба жетекшілері.

Нұралхан Көшеровтің айтуынша, 3500 көрерменге арналған кино концерт залы салынады. Одан бөлек, «Шымкент-арена» спорт кешені бой көтеретін болады. Жоба ішінде ауданы 24 га болатын бизнес-орталықтың құрылысын салу да көзделген.

«Үйлер беріктігі жағынан жоғары санатты құрамалы темірбетонды контрукциялардан бой көтеретін болады. Бұл – коммуналды үйлер. Осы жылы бес көпқабатты үйдің құрылысын бітіреміз деп жоспарлағанымызбен, баспаналардың пайдалануға беру уақыты коммуникациялық қажеттіліктердің барлығы орналастырылып болғаннан соң ғана, 2018 жылға келісілген», — деді әкім орынбасары.