Өскеменде көмекке зәрулерге тегін қызмет көрсеткен әлеуметтік дүкен жабылғалы жатыр

Өскеменде «Все за спасибо» атты жалғыз әлеуметтік дүкен жабылғалы жатыр. 7 жыл шамасында жағдайы төмен азаматтарды дүкен киім, аяқ-киімдермен тегін қамтамасыз етіп келген болатын. Бірақ, қазіргі теңгенің құнсыздануына байланысты дүңгіршек иесі жалгерлік ақыны төлеуді талап еткен деп хабарлайды  «31 канал».

Вера Барлина, әлеуметтік дүкеннің меңгерушісі:

— Кәсіпкерлер немесе өзге де азаматтар сәннен қалған киімдерін, аяқ-киімдерін осы жерге әкеледі. Кітаптар оқулықтар да әкелінетін. Барлығын келген бойда алып келіп жатады.

Муниципалдық базардың иесі осыған дейін орын үшін ақы алмаған. Бірақ, девальвациядан соң «рахметпен» іс бітпейді деп, айына 90 мың теңге төлеуді талап еткен. Өзі де тегін жұмыс істеген меңгеруші ондай ақшаны қайдан аларын да білмейді.

Инира Никифорова, қала тұрғыны:

— Бұл жағдайы жоқтарға ауыр тиері сөзсіз. Әсіресі, девальвация кезінде, оның үстіне қыс келе жатыр. Мен заттар әкеліп тастаған сәттерде адамдар бірден жылы киімдерді алып қалуға тырысатынын өз көзіммен көрдім.

 Ванда Дюзбанбетова, қала тұрғыны:

— Дүкеннің жабылмағаны дұрыс. Заттарымызды қайда тастарымызды білмейміз. Ал, сол заттар басқа біреулерге керек болады ғой. Алыс бір жерге көшірсе, ешкім арнайы барып апармайтын шығар.

Дүкеннің тұрақты тұтынушылары 500-ге жуық аз қамтылған отбасылар. Жаз бойы тұрғындар дүкенді жылы киімдермен толтырып тастаған. Ендігі үміт көмек қолын соза алатын азаматтарда. Тым құрығанда аяз түскенше көмекке зәру адамдар киімдермен қамтамасыз етілсе екен дейді тұрғындар.