Әскерге барудан қашқан дені сау азаматтар айыппұл төлеуі мүмкін

әскерге шақырту
Фото: tengrinews.kz

Алматы. 6 қыркүйек. 7kun.kz — Әскерге барудан қашқан дені сау азаматтар енді бір жылға дейін бас бостандығынан айырылып, 2 миллион теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Бұл туралы Қарулы күштер бас штабы тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің басшысы Мүслім Дайыров мәлімдеді, деп хабарлады 24.kz.

Екінші қыркүйектен бастап елімізде 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтарды әскер қатарына шақыру басталды.

Жалпы мерзімді әскер қатарына 120 мың ер азамат шақырту алады. Соның 80 пайызы әскерге жарамды жандар. Тек 10 пайызы ғана денсаулығына байланысты әскерге жарамсыз.
«Бірнеше рет шақыруға келмегендердің тізімін тиісті органдарға береміз. Азаматтарды тұрғылықты мекенжайы бойынша табу қиын. 27 жасқа дейін қашып жүретіндер де бар. Олардың үстінен әкімшілік жазадан бөлек, қылмыстық іс те қозғалады. Әскерге барудан жалтарғандарға 2 миллион теңге айыппұл салынады. Егер денсаулығына байланысты жалған құжаттар жасатса, одан екі есе көп айыппұл төлейді немесе осы қаржыны өндіру мақсатында қара жұмысқа жіберіледі,» — дейді Мүслім Дайыров.

Айгүл Хожантаева