Смайылов: 1 маусымнан бастап 1,5 млн адамның жалақысы көтеріледі

Смайылов
Фото: BNews.kz


Алматы. 26 наурыз. 7kun.kz – Президенттің бюджет саласының төмен жалақы алатын жұмыскерлерінің еңбекақысын көтеруді ағымдағы жылдың 1 шілдесінен 1 маусымына ауыстыру тапсырмасы бойынша қосымша 37,8 млрд теңге қажет. Бұл туралы Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді.

«»Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап бюджет саласының төмен жалақы алатын жұмыскерлерінің жалақысын жалпы 30%-ға дейін және аудандық, облыстық деңгейдегі мемлекеттік органдардың төменгі жұмыскерлерінің жалақысын орта есеппен 25%-ға көтеру туралы тапсырма берілді, сол кезде біз 169,7 млрд теңге шамасындағы қаржыландыру көлемін 2019 жылға арналған республикалық бюджет жобасына салдық. Бұл қаражатпен бір жарым миллион адам қамтылады. Жуырда ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың жалақыны көтеру мерзімін 1 шілдеден 1 маусымға шегеру қажеттігі туралы тапсырмасы берілді, яғни, бір ай бұрын іске асырылатын болады, осыған байланысты  бұл мақсаттарға қосымша 37,8 млрд теңге бағыттау көзделіп отыр», — деп түсіндірді А. Смайылов.

Оның айтуынша, алушылар сол қалпында қалады: олар түрлі кәсіп иесі болып табылатын табысы төмен бір жарым миллион адам.

«Шығындар көлемінің өзгеруі бойынша тиісті ұсыныстар қазір Мемлекет басшысына келісуге жіберілді, одан кейін жақында олар Парламентке жолданатын болады», — деп нақтылады қаржы министрі.