Суландыру жүйесін жөндеуден өткізу үшін 7 млрд теңге қажет

588
Суландыру жүйесін жөндеуден өткізу үшін 7 млрд теңге қажет

2015 жылы Алматы және Жамбыл облыстарындағы суландыру жүйесін қайта жөндеуден өткізу үшін шамамен 7 млрд теңге қажет. Бұл туралы ауыл шаруашылық министрлігіндегі су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев мәлімдеді.

«Біздің алдымызда 2020 жылға дейін сұранысқа ие 658 мың га жерді толығымен қалпына келтіру қажет деген міндет тұр. Мұның барлығын бастау үшін осы жылы алдын-ала екі жобаны бітіруіміз қажет. Олар — Жамбыл облысындағы Жамбыл ауданы және Алматы облысындағы Көксу ауданы», — деді И.Әбішев Қазақстанның су шаруашылығы жөніндегі отырыста. Оның атап өтуінше, бір ауданға 3 млрд 200 млн теңге, келесі ауданға 3 млрд 700 млн теңге қажет.

«658 мың га жерді өңдеу — өте үлкен жұмыс. Әлі бірде — бір мемлекеттік құрылымда су каналдарының бүгінгі жағдайы туралы мәлімет жоқ. Қазір құжатты жобалап-есептеу жөнінде 70 пайыздық жұмыс атқарылды. Енді қағаздағы жобаны жылдың аяғына дейін іске асыру қажет. Жартысын келесі жылға қалдырып, қаржыландыруды бастаймыз», — деп түсіндіріп өтті ол.

Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан хабарламада жазылғандай, су ресурстары жөніндегі комитет бюджет қаржысының тапшылығын ескере отырып, халықаралық қаржылай институттардан инвестиция тарту жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Сондай-ақ инвестициялық бағдарламаларды іске асыру кезіндегі шығындарды жабу үшін тарифтердің жаңа деңгейі белгіленбекші.