Екі айда медициналық сақтандыру қорына 6,6 млрд теңгеге жуық жарна түскен

Медициналық сақтандыру
Фото: mangystau.gov.kz

Алматы. 5 қыркүйек. 7kun.kz — Өткен екі айда жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның Ұлттық банктегі есеп-шотына  6,6 млрд теңге аударды деп хабарлайды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» баспасөз қызметі.

Аталған уақыт ішінде жұмыс берушілер қарамағындағы жұмыскерлер үшін 5,2 млрд теңге (жалпы соманың 78,5%) аударым жасаған. Қалған 1,4 млрд теңге немесе жалпы соманың 21,5 пайызы жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде жұмыс істейтін азаматтарға тиесілі.

Жарна төлеу жағынан Алматы (20,5%) мен  Астана (1­1,6%) қалалары, Қарағанды (8,7%) және Шығыс Қазақстан облыстары (8,3%) көш бастап тұр.

Заңға сәйкес, жұмыс беруші ай сайын жұмыскер жалақысының 1 пайызы мөлшерінде аударым жасайды. Бірақ ай сайынғы жарна мөлшері 3669 теңгеден аспауы тиіс (бұл 15 ең төменгі жалақының 1%).

Ал, жеке кәсіпкерлер мен осы санатқа жатқызылған жеке меншік нотариустар, жеке сот орындаушылары, кәсіби медиаторлар 2 ең төменгі жалақының 5 пайызы мөлшерінде жарна аударады. 2017 жылы бұл сома 2446 теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер қарамағындағы жұмыскерлер үшін жұмыс беруші ретінде аударым жасауы тиіс.

Естеріңізге сала кетсек, жыл соңына дейін 23 млрд теңгеге жуық сақтандыру төлемдері түсуі тиіс.

Айгүл Хожантаева