Талдықорғанда инвестициялық форум өтті

371

Талдықорған. 7 қазан. 7kun.kz — Алматы облысының орталығында тұңғыш рет халықаралық деңгейде инвестициялық форум өтті.

Форумды қалалық әкімдік пен Алматы облыстық Кәсіпкерлер палатасы бірлесе ұйымдастырды. Шараның негізгі мақсаты – қаланың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру, жаңа экономикалық ахуалдағы даму жоспарымен бөлісу.

Форумда Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев облыс орталығы үшін шағын және орта бизнестің маңызына тоқталып өтті. Бүгінде қала қазынасына түсетін алым-салықтардың 50 пайыздан астамын шағын және орта бизнес береді. Биылғы 9 айда шағын және орта бизнестен 8,1 млрд теңге көлемінде салық түсті, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 75 пайызға жоғары (4,6 млрд теңге). Қалада 10 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі бар, оларда 26 мыңнан аса адам еңбек етеді. Тоғыз айда кәсіпкерлер күшімен 41,2 млрд теңгенің қызметі көрсетіліп, өнімі өндірілді. Жыл басынан бері қалада 15 жаңа кәсіпкерлік нысаны ашылып, 323 адам жұмыспен қамтылған.

«Талдықорған ҚХР мен Ресейдің көлік магистральдарына жақын орналасқан. Бұл экономикалық тұрғыда өте тиімді. Қалаға жақын орналасқан ауылшаруашылығы алқаптары бар аудандар Талдықорғандағы зауыттардың толық қуатта жұмыс істеуіне қолғабыс етуі керек. Сонда ауыл шаруашылығындағы негізгі бағыттарды жылдам дамытуға мүмкіндік аламыз. Әрі дайын өнімдерімізді екі алып көршімізге экспорттау көлемін де еселеп арттыратын боламыз. Жұмыс орны да көптеп құрылады. Сондықтан, барлық әлеуетті инвесторларды өз жоспарын біздің қаламызда жүзеге асыруға шақырамыз» деді Б.Қарасаев.

Форум аясында Алматы облысы әкімдігі өкілдері, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мамандары және кәсіпкерлер де өз ойларын ортаға салып, жоспарларымен бөлісті. Жиында әлеуеті жоғары инвесторларға барынша тиімді жағдай жасау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ, мемлекет пен жеке меншік әріптестік негізінде салынатын тұрғын үйлер мен өзге де әлеуметтік нысандарға инвестор тарту туралы әңгіме өрбіді.