Тоқаев Назарбаев және саяси әділеттілік туралы айтты

Нұр-Сұлтан. 23 маусым. 7kun.kz – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысы елді прогрессивті демократияландыру үдерісі, азаматтардың табиғи түрде артып келе жатқан саяси белсенділігі тек заң шеңберінде жүруі керек екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанды құру бұл маңызды институционалдық өзгерістер ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік көзқарастар мен мінез-құлықтарды жаңғырту деп атады. Яғни жаңартылған құндылықтар мен дүниетаным жүйеміздің басты қағидаларының бірі – адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу болуға тиіс.

«Тұрақсыз, бірақ қарқынды дамып келе жатқан әлемде заңдар мен моральдық нормаларды құрметтейтін халық қана күшті және егеменді ел мәртебесін сақтай алады. Бүгінгі таңда қоғамда өткенімізге түрлі, кейде біржақты баға беріліп, ұшқары пкірлер айтылып жүр. Дегенмен, Тәуелсіздік кезеңіндегі айтулы жетістіктерді жоққа шығаруға болмайды. Тарихын, көшбасшыларын жоққа шығарған халықтың болашағы жоқ екенін есте ұстаған жөн. Сондықтан азаматтарды объективті әрі дұрыс көзқараста болуға шақырамын», – деді Президент.

Президент Экономикалық тергеу қызметінің өңірлердегі жұмысына жағымсыз пікірлер көптеп түсіп жатқанын ерекше атап өтті. Мемлекет басшының айтуынша, заңсыз әрекеттерден Ішкі істер министрлігі қызметкерлері де тысқары емес. Кейбірі жемқорлыққа қатысты айтылып отыр.

«Бұл бүкіл құқық қорғау жүйесінің беделіне айтарлықтай нұқсан келтіреді. Қаржы мониторингі агенттігінің күшін алаяқтыққа, қаржы пирамидаларына, капитал мен ресурстарды шетелге заңсыз шығару фактілеріне бағыттау керек. Агенттік көлеңкелі экономикамен күресетін негізгі мемлекеттік органға айналуға тиіс. Біз қоғамда жоғары құқықтық мәдениет және сыбайлас жемқорлық пен заңсыздықтың кез келген көріністеріне берік иммунитет қалыптастыруымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті тағы бір маңызды мәселе ретінде қазіргі уақытта қоғамда болып жатқан қызу пікірталастар кезінде саяси әділдік мәселесі туралы ұмытпау керек екенін атап өтті.

«Елінің дамуына лайықты үлес қосқан қоғамдық-саяси көшбасшыларын, ғылым және мәдениет қайраткерлерін қадір тұтпайтын халықтың келешегі де бұлыңғыр болмақ. Біз, қазақ халқы, саяси тұлғаларымыздың еңбегіне құрметпен, парасаттылықпен қарауымыз қажет. Бұл – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұлғасына да қатысты ақиқат. Оның Тәуелсіз елімізді құру ісіне сіңірген еңбегін бүкіл әлем қауымдастығы мойындады. Сондықтан Тұңғыш Президенттің тарихи рөліне құрметпен қарау – бәрімізге ортақ міндет. Оның саяси мұрасына келешек ұрпақ әділетті бағасын бермек. Ал, қазіргі ұрпақ өкілдері еліміз үшін табанды жұмыс істеуі керек. Біз бәріміз халық ретінде, ең алдымен, еңбекқор болуымыз қажет. Саяси ойындарға тосқауыл қойған жөн. Біз өткенге жалтақтамай, жарқын болашағымызға зор сеніммен қадам басуымыз керек», – деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, полицияның ұстанымын өзгертіп, жұмыстың жаңа үлгісіне көшуді басты міндет ретінде атады. Оның пікірінше, халқымыздың бейбіт өмір сүріп, өз елінің болашағына сеніммен қарауы – полицейлердің адал қызметіне байланысты.