Тоқаев Қытайға бидай экспортын 3,5 есеге ұлғайтуды ұсынды

29
350
Фото: kursiv.kz

Алматы. 11 қыркүйек. 7kun.kz – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға бидай экспортын 3,5 есеге арттыру мүмкіндігін мәлімдеді. Сонда жеткізу 2 млн тоннаға жетуі мүмкін.

Мемлекет басшысы Қазақстан-Қытай Іскерлік Кеңесінің VI отырысында сөйлеген сөзінде 2018 жылы Қазақстан Аспан асты еліне 550 мың тонна бидай жеткізілгенін және еліміз астықтың осы түрі бойынша үздік 10 әлемдік экспорттаушыға кіретінін айтты.

Сондай-ақ Тоқаев ҚХР-да азық-түлік тұзы мен басқа да өнімдерді сату туралы сөз қозғады.

«Қазақстан тұзын халықаралық нарықтарға экспорттау көлемі артып келеді. Біз Қытайға жылына 100 мың тоннаға дейін ас тұзын жеткізуге әзірміз. Сонымен қатар қытай нарығына сүт өнімдерін, құс етін, сиыр етін, қой етін, шошқа етін, ұн, дәнді және бұршақ, сондай-ақ майлы дақылдар жеткізуге дайынбыз. Біз экологиялық таза азық-түлік өндірісін ұлғайтып, Қытай нарығына шығаруға ниеттіміз, – деді Президент.  

Мемлекет басшысы Аспан асты елінің Қазақстанның ірі сыртқы сауда және экономикалық әріптестерінің бірі екенін атап өтті.

«Мұның айқын дәлелі – елдеріміз арасындағы сауда айналымы былтыр 11,4% артып, 12 миллиард долларға жетті. Тәуелсіздік жылдары Қытай Қазақстанға 20 миллиард долларға жуық инвестиция салды», — деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның инвестициялық ахуалын мейлінше қолайлы етуге бар күш-жігерін жұмылдырып отырғанын айтты.

«Тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономикасына 300 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Біздің еліміз осы көрсеткіш бойынша Орталық Азия өңірінде көшбасшы болып табылады», — деді Тоқаев.

Сонымен қатар, ел Президенті қытайлық бизнесмендерді қаржы операциялары үшін АХҚО биржасын белсенді пайдалануға шақырды, ол жерде 250-ден астам компания тіркелгендігін атап өтті.

Сондай-ақ президент Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы байланыстырушы буын ретіндегі мүмкіндіктері туралы айтты.

«Қазақстан арқылы Қытай және Азияның басқа да елдерін Еуропамен, сондай-ақ Таяу Шығыспен байланыстыратын 5 темір жол және 6 халықаралық автокөлік жолы өтеді. Бұл Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға және кері қарай жүктерді 15 күнде жеткізуге мүмкіндік береді. Ал, теңіз жолы арқылы 2-3 есе көп уақыт жұмсалады», — деп нақтылады Тоқаев.