Төтенше жағдай министрлігі Қостанай облысындағы өртке байланысты жедел желіні іске қосты

Фото: inform.kz

Қостанай облысындағы табиғи өртке байланысты көмекке мұқтаж тұрғындар ТЖД ашылған жедел желі телефонына хабарласуына болады, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

ТЖ министрлігі мен ТЖ департаменті іске қосқан жедел желі нөмірлері: 8 717 2 53 32 84, 8 714 2 50 36 24. Сонымен қатар көмекке мұқтаж азаматтар 112 немесе 101 телефондарына хабарласуына болады.

Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың жазуынша
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин және Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың өрт аймағындағы жедел жағдай туралы есебін тыңдады.

«Президент азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен өртті сөндіру шараларына басымдық беруді тапсырды. Сондай-ақ Үкіметке төтенше жағдайдың салдарын жою үшін қажетті қаражат бөлу туралы тапсырма берілді», деп жазды баспасөз хатшысы.

ТЖМ баспасөз қызметінің хабарлауынша Қостанай облысының әкімдігі жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайды жариялау мәселесін пысықтауда. Эвакуацияланған адамдар Әулиекөл орта мектебі мен Әулиекөл мектеп-интернатына орналастырылуда.

Айта кетейік, 5 қыркүйек күні Президенттің облысқа сапары жоспарланған. Руслан Желдібайдың жазуынша қалыптасқан жағдай Президенттің жұмыс кестесіне өзгеріс енгізбейді — Мемлекет басшысы 5 қыркүйек күні Торғайға жұмыс сапарымен барады.

Алайда БАҚ-ның жазуынша өртке байланысты Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар кейінге шегерілген.