Транскаспий көлік бағдарымен жыл соңына дейін 1,2 млн тонна жүк тасымалданады

Транскаспий
cfts.org.ua
Астана. 8 желтоқсан. 7kun.kz — «Транскаспий халықаралық көлік бағдары» ЗТБ Басқарма төрағасы – «ҚТЖ» басшысы Қанат Алпысбаев Транскаспий бағдарының қазіргі таңдағы мән-маңызына тоқтала келіп «биылғы жыл аяғына дейін жоспарланған 700 мың тонна жүк орнына 1,2 миллион тоннаға жететіндігін Астанадағы жиналыста хабарлады. 

«Бағдардың әрі қарайғы қызметін одан да жақсарта түсу үшін ТХКБ қатысушыларының барлығы ұзақ мерзімді бәсекелестікке сай келетін мөлшерлеме бекітіп алуымыз керек»,-деген ұсыныс жасаған Алпысбаев «Баку-Тбилиси- Карс теміржол бағдарының ашылуы мен оған Құрық портындағы автокөлік паром кешенінің іске қосылуы, екінші тынысы ашылған жаңа мүмкіндіктердің болашағы зор екендігін атап өтті».

«Бұл өз кезегінде азербайжан, грузин, түрік теміржолшыларымен бірлескен түрде жүк ағынын бұрынғыдан да толықтыра түсуге мүмкіндік әпереді. Қазақстан тарабы жүк ағындарын барынша өсіріп, жүк жеткізу жылдамдығын  14-15 күнге  қысқартуға күш салады»,-дей келіп Қ. Алпысбаев  осы көршілес елдер арасында жүкті осы бағдармен жеткізудің ең ұзақ мерзімі 15 күн деп белгілеп, Жол картасына қол қойылуы қажет екендігін айтты.

Қ. Алпысбаев ҚХР- Түркия/Грузия бағдарына айына кемі екі рет, тұрақты контейнерлік пойыздар ұйымдастыру керектігін  атап өтті. Оның сыртында 40-50 контейнер тиеуге болатын кемелерді пайдалану қажеттігін де мәлімдеді.