Түркістанның миллионыншы туристі Алматы мен Астанаға арнайы келеді

84
турист

Осыған дейін Түркістанның миллионыншы туристін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Яссауи кесенесі алдында күтіп алғанын хабарлаған едік. 7kun тілшісі мұндай құрметке ие болған шетелдік туристермен әңгімелесіп, Қазақстанға не үшін келгенін, қандай әсер алғанын сұрап білді.

«Әйелім Барбара екеуміз зейнет жасындамыз. Осыдан екі жыл бұрын шағын бизнесімізді аштық. Алғаш үйленген күннен бастап  бірге саяхаттаймыз. Бұл біздің ортақ хоббиіміз. Жаңа таныстықты, адамдармен кездескенді, әдемі жерлерді аралағанды ұнатамыз. Қайда барсақ та жақсы адамдармен жолығып, дос болып кеттік. Әлемнің түкпір-түкпірінде таныстарымыз бен достарымыз көп»,-дейді Уильям Бренч.

АҚШ-тың Солтүстік Королина штатынан келген ерлі зайыпты Уильям мен Барбара Брэнчтер осыған дейін әлемнің жүзден астам еліне саяхаттаған екен.

«Осы жолы Орталық Азия елдерін аралау үшін арнайы келдік. Алайда уақыттың тығыздығына байланысты тек Өзбекстан мен Қазақстанды көріп үлгердік. Түркістан қаласы Өзбекстанға жақын болғандықтан таңдауымыз осы қалаға түсті.  Қаланың  терең тарихын ескеріп, қызығушылық таныттық. Түркістанға келгенде бізді 1 миллионыншы турист ретінде қарсы алып, құрмет көрсетті. Шынымызды айтсақ, қатты таңқалдық әрі қуандық. «Қазақ халқы қонақжай» дегенді бұрын көп еститінбіз. Бірақ олардың қонақжайлылығы дәл осындай жоғары деңгейде болады деп ойламадық. Жергілікті халық өте мейірімді, көңілді екен. Бізді танымаса да құшақ жайып қарсы алып, шапан кигізіп, сый-сияпат көрсетті»,- дейді туристер.

Турист
Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Уильям мен Барбара Қазақстаннан жақсы әсермен кетіп бара жатқандарын, келесі жылы Қазақстанға қайта келетіндерін айтты.

«Тек Түркістанды ғана көргенініміз өкінішті. Біз Қазақстанның ең көрікті және танымал қалалары саналатын Алматы мен Астана туралы жиі естиміз. Өкінішке орай, осы жолы жолымыз түспеді. Бірақ келесі жылы міндетті түрде осы екі қаланы көру үшін Қазақстанға арнайы келетін боламыз», — дейді олар.

Шетелдік туристер Түркістаннан кейін Ташкент қаласына, одан кейін Хиуаға баруды жоспарлап отыр екен.

«Орталық Азияға саяхатымыздың соңғы аялдамасы Қарақалпақстанның астанасы – Нүкіс қаласы болмақ»,- дейді Уильям Брэнч.