«Украинадан кейінгі мәселеміз — Қазақстан»: Ресейлік саясаттанушының сөзіне ҚР СІМ түсініктеме берді

Астана. 23 қараша. 7kun.kz – ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко ресейлік саясаттанушы Дмитрий Дробницкийдің Қазақстан туралы резонансты мәлімдемелеріне қатысты пікір білдірді. Дробницкийдің сөздері Ресей билігі тарапынан тиісті реакцияға лайық, деп атап өтті ол, деп хабарлайды 7kun.kz.

20 қарашадағы «Вечер с Владимиром Соловьевым» бағдарламасында Дмитрий Дробницкий Ресейдің келесі мәселесі Қазақстан екенін айтты.

«Енді Қазақстан – біздің келесі мәселеміз екеніне назар аударайықшы. Себебі ол жақта да Украинадағыдай нацистік үдеріс қалыптасуы мүмкін. Ол елде орыстар да көп, аумағы да, Семей де, оған қоса, Росатомның ядролық материалдары да сол жақта», – деді ол. 

Сыртқы істер министрінің орынбасары мұндай керіағар мәлімдемелер туралы Мемлекет басшысы да, СІМ де, Парламент депутаттары да бірнеше рет айтқанын атап өтті.

«Біріншіден, олар Ресей Федерациясының ресми ұстанымын көрсетпейді, екіншіден, Қазақстан мен Ресей арасындағы дәстүрлі тығыз қарым-қатынасқа нұқсан келтіреді, үшіншіден, олар Ресей билігінің тиісті реакциясына лайық деп санаймыз. Федералдық телеарналар да Ресей билігінің реакциясына лайық», — деді Роман Василенко.

Ол Мемлекет басшысы Ресейде Владимир Путиннің қатысуымен осы тақырыпта сөйлескенін еске салды. Василенко Ресей елшісін Сыртқы істер министрлігіне шақырту немесе саясаттанушының мәлімдемесіне байланысты наразылық нотасын жолдау туралы ешқандай мәліметі жоқ екенін айтты.