Универсиада шығындары өзін-өзі ақтай ма?

Универсиада шығындары өзін-өзі ақтай ма?
Фото: primeminister.kz

Универсиада эстафетасын Қазақстанға Испания мен Словакия берді. Себебі 2015 жылы Қысқы Универсиада алғаш рет Испанияның Гранада қаласында және Словакияның Штрбске-Плесо және Осрблье қаласында өтті. Бұл ойындар Қазақстан спортшылары үшін табысты болды. Қазақстан 11 медальмен жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болды.

Қысқы Универсиада бойынша Қазақстан ең алғашқы жетістікке 1993 жылы Польшада өткен ойындарда қол жеткізгенін айта кетейік. Еліміздің хоккей құрамасы осы жылы күміс медальға ие болды және бұл Универсиада ойындарындағы жалғыз медаль еді.

Қысқы Универсиада ойындарын Алматыда өткізу туралы ресми шешім 2011 жылғы 29 қарашада Брюссельде Халықаралық университеттік спорт федерациясында (FISU) қабылданды. Осылайша қысқы студенттер ойынын өткізу посткеңестік елдер арасында бірінші болып Қазақстанға бұйырды.  Ал Жазғы Универсиада ойындары екі рет Ресейдің Мәскеу (1973 жыл) және Қазан (2013 жыл) қалаларында өткен. Айта кетейік, қысқы Универсиада эстафетасын Алматыдан Ресей қабылдап алады.

Сонымен Алматы қаласы құрылыс басқармасының «2017 жылғы қысқы Универсида нысандарының құрылысы және оны жобалау» атты бюджеттік бағдарламасына сәйкес, жарысты өткізуге, қаланың сыртқы бейнесін жақсарту мақсатында үш нысан салу жоспарланды. Олар — 12 мың көрерменге арналған мұз сарайы, Алатау ауданындағы 5 мың адамға арналған атлетикалық ауыл және Медеу ауданындағы 3 мың көрерменге арналған мұз аренасы.

2014 жылы аталған құрылыс нысандары үшін Алматы бюджетінен 13 млрд теңге, 2015 жылы — 44 млрд теңге, 2016 жылы — 14,9 млрд теңге бөлінді. Үш жылдың нәтижесі бойынша жұмсалған қаржы — шамамен 73 млрд теңге  немесе 221 млн доллар (1 долларды 330 теңгемен есептеген жағдайда).

Бұдан бөлек аталған нысандардың жобалық смета құжаттарына және құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджетен 2014 жылы — 12,2 млрд теңге, 2015 жылы – 41,47 млрд теңге,  2016 жылы – 9,27 млрд теңге бөлінген. Үш жылдағы жұмсалған қаржы — 63 млрд теңге ($190 млн).

Сондай-ақ, жергілікті бюжеттен құрылыс пен жобалау трансферттерін қаржыландыруға 2014 жылы 0,872 млрд теңге, 2015 жылы – 3,45 млрд теңге, в 2016 жылы – 5,713 млрд теңге салынды. Барлығы – 10 млрд теңге ($30 млн).

Нәтижесінде Алматы қаласындағы Универсиада үшін салынған нысандардың жалпы құрылысына жұмсалған қаржы 146 млрд теңгені құрады ($442 млн). Бұл  — капиталдық шығындар және жарысты өткізу үшін кеткен мұндай шығындар қайтарылмайды. Әлемдік тәжірибе бойынша да дәл осылай. Мысалы 2013 жылы Қазан қаласында өткізілген жазғы Универсиада ойындарына 300 млрд рубль жұмсалып, 10,8 млрд рубль табыс болды.

Алматы билігінің болжамынша, бұл шығындар — көпшілік спортты дамытуға салынған инвестиция. Себебі Универсиада кезінде салынған мұз сарайы мен мұз аренасына алматылықтардың сұранысы болады. Оның үстіне осы нысандарда жазғы спорт ойындары да өтетін болады.

Универсиаданы өткізу шығындары қалай өзгерді?

Бастапқыда Алматыда жарысты өткізуге жұмсалатын қаржы көлемін (операциялық бюджет) 32 млрд теңге көлемінде бекітті. Бірақ нәтижесінде 17 млрд теңгеге дейін ($51,5 млн) қысқарту туралы шешім қабылдады. Универсиада кезінде қызмет көрсететін автотранспорттар жалға алынды (шамамен 520 бірлік), промоакциялар мен мәдени, ойын-сауық бағдарлмамаларының біразы қысқартылды. Мысалы жарыстың ашылу және жабылу салтанатын өткізуге жұмсалатын қаржы 1,2 млрд теңгеге дейін ($3,6 млн) төмендеді. 

Нәтижесінде операциялық бюджет пен нысандарды салуға жұмсалған қаржыны қоса есептегенде, Универсиаданы өткізуге кеткен шығынды 500 млн доллар деп есептеуге болады.

Салыстыру үшін: 2019 жылы Красноярскте өтетін қысқы Универсиаданың жалпы бюджеті шамамен 51,8 млрд рубльді құрайды (1 доллар 60 рубльді құраған жағдайда $863 млн). Сондай-ақ, спорт нысандарының құрылысына және жөндеу жұмыстарына  44,5 млрд рубль ($741 млн) жұмсалады. Операцииялық бюджет 7,3 млрд рубльге ($121 млн) бағаланған.

Түсетін пайда қандай?

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек 17 қаңтар күні үкімет отырысында Универсиада кезінде туристердің келуі шағын және орта бизнеске шамамен 2 млрд теңге табыс әкеледі деп мәлімдеді.

Оның сөзінше, global destination cities index-тің бағалауы бойынша, Алматыда шетелдік турист күніне 245 доллар жұмсайды. Осылайша жоспарлап отырған 5 мың туристтің 5 күнде шағын және орта бизнеске 2 млрд теңгеге жуық табыс әкеледі.

Cондай-ақ, жарысқа қатысушы мемлекеттердің өзі Атлетикалық ауылда тұру үшін 1 млн еуро төлейді. Одан бөлек, Универсиада әкімшілігі ұсынған 8 қонақүйге толығымен спорттық делегациялар орналасады.

Сондай-ақ, Универсиада билеттерін сатудан түсім болады деп күтілуде. Спорттық ойындардың ең арзан билеті — 300 теңге. Осы сомаға хоккей турнирінің топтық кезеңінің матчтарын көруге болады.

Ал кёрлинг бойынша билет бағасы 500 теңгеден, шаңғы қоссайысы бойынша — 700 теңге, конькимен жүгіру спорты- 1000 теңге, тау шаңғысының билет бағасы — 1500 теңге. Ал мәнерлеп сырғанауды тамашалауға келетіндер билет үшін 2500 теңге төлейді. Ең қымбат билеттер хоккей турнирінің финалында — 2000 — 5000 теңге аралығында.

Ал Универсиаданың ашылу салтанатының билеттерінің құны 15 мың теңге болса, жабылу салтанатына келушілер билетті 13 мың теңгеге сатып алады.

Десек те билеттерді толық сатудан түсетін қаржы (шығындармен салыстырғанда) шамамен 1 млн теңгені құрайды.