Қытай ирандық мұнайға 20 млрд еуро инвестиция салмақ

Қытай ирандық мұнайға 20 млрд еуро инвестиция салмақ

Қытай Иранның мұнай саласына 20 млрд еуро көлемінде инвестиция салды. Алдағы уақытта бұл қаржы үш еселенуі де мүмкін. Бұл жөнінде Иран республикасының мұнай министрінің орынбасары Шейири Мокаддам мәлімдеді. Мокаддамның айтуынша, Қытай қазіргі таңда ең ірі шикі мұнай сатып алушы болып саналады. Жүзеге асырылған қаражат ҚХР банктеріндегі Иранның есеп-шотында тұрады.

Сонымен бірге, алдағы уақытта салымдарды еселеп көбейту туралы шешім Пекинде шығарылатындығын да атап өтті.

Қазіргі уақытта ҚХР-дың мұнай шығаратын компаниялары Хузестан провинциясының оңтүстік-батысындағы Ядаваран кен орнында зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Ол жердегі қор көлемі 30 млрд баррель. Бірінші кезеңде ол жерден алынатын мұнайдың бір күндік мөлшері — 75 мың баррель. Қытайлық Sinopec-тің жобаға салып отырған инвестициясының көлемі 2 млрд долларды құрайды.

Солтүстік Азадеган кен орнында зерттеу жұмыстарын жүргізуге CNPC компаниясы 2 млрд доллар инвестиция құйды. Ол жердегі өндіретін мұнай көлемі — күніне 120 мың баррель.

Қазіргі таңда республиканың ядролық бағдарламасына байланысты АҚШ пен ЕО тарапынан Иранға қатысты санкциялық режим орнатылған. Соның ішінде, елден мұнай сатып алу және мұнай индустриясына инвестиция салуға қатысты санкциялар жарияланған. Ирандық мұнайдың басым көпшілігін Үндістан, Қытай және өзге де азиядық елдер сатып алуда.