Жастарға жалдамалы баспана беру шарттары жеңілдейді

Нұр-Сұлтан. 20 мамыр. 7kun.kz – Қазақстан премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов қазақстандық жастардың баспанамен қамтылуы туралы айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.

Ералы Тоғжановтың айтуынша, «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасында 2025 жылға қарай тұрғын үй құрылысының барлық бағдарламалары аясында жас отбасылар үшін 25 пайыздық квота енгізу көзделген.

Сондай-ақ, 2025 жылға дейін барлық өңірлерде әкімдіктермен бірлесіп «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген ипотека бағдарламасын іске қосу жоспарлануда.

«Бүгінгі таңда жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламалары үш өңірде – Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жүзеге асуда. Жыл соңына дейін осындай бағдарламаларды іске қосу тағы алты өңірде: Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарында қарастырылуда», деді вице-премьер Ералы Тоғжанов.

Одан бөлек, Ералы Тоғжанов 2019 жылдан бастап Қазақстанда жұмыс істейтін жастарға жалдамалы тұрғын үй беріліп келе жатқанын еске салды. Сол уақыттан бері жастарға барлығы 7 мыңға жуық пәтер берілген.

«Бұл бағдарлама жалғасады. 2025 жылға дейін жұмыс істейтін жастарға 12 мың пәтер беру жоспарланған. Ал жыл соңына дейін жалға берілетін тұрғын үй беру қағидаларына жастар үшін ай сайынғы табысты растауға қойылатын талаптарды 40-тан 25 АЕК-ке дейін төмендету туралы өзгерістер енгізілетін болады. Бұл жастардың жалға берілетін тұрғын үй алу мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді», деді Ералы Тоғжанов.