Жер дауы: Жетісу облысындағы Матай ауылының халқы неге екіге бөлінді?

Жетісу облысы. 17 қаңтар. 7kun.kz – Ақсу ауданы Матай ауылында жер дауы шықты. Былтыр желтоқсан айында ауылдық аймақтың жайылымдық мақсаттағы 33 мың гектар жері конкурс арқылы елге бөлінген. Барлығы 69 лот бойынша аудандық жер комиссиясы мал өсіру үшін жер иеленгісі келген халыққа тиісті жерлерді бөліп берген, деп хабарлайды 7kun.kz.

Ақсу ауданы әкімі орынбасарының төрағалығымен жасақталған жер комиссиясының отырысы 2022 жылы 5,6 желтоқсан күндері өткен. Матай ауылының шаруалары үшін бұл соңғы 7 жылдан соң алғаш өтіп отырған жер конкурсы. Сондықтан мал басы өсіп, жайылымы тарылған халық осы жолға жер бөлінісінен үлкен үміт күткен, еді дейді ауыл тұрғындары.

Елдегі 2016 жылғы жерге жарияланған мароторий, одан соң пандемияға байланысты кейінге шегеріліп келген жер комиссиясының отырысы ың-шыңсыз өткен. Барлығы 69 лот ойнатылып, қатысушылар өздеріне тиеселі жер телімдеріне үміткер болған. Олар тек отырыс хаттамасына сай бекітілген негізгі құжат – аудан әкімінің қаулысын күтіп отырған. Алайда бұл байқаудың қортындысына көңілі толмағандар да пайда болады. Матай ауылында шаруа қожалығына иелік етіп жүрген Марат Сенбекұлы деген азамат сотқа шағымданған.

Бүгін тұрғындар Жетісу облыстық сотына келді. Былтыр желтоқсан айында өткен жер комиссиясының шешімін, соның ішінде 21 түрлі лотты заңсыз деп тану туралы ауылдастары Марат Сенбекұлы сотқа талап-арыз түсірген. Істі қарап жатқан Жетісу облыстық сотының судьясы Гүлнәр Бектұрғанова жер комиссиясының жұмысына қанағаттанбаған жалғыз Марат Сенбекұлы емес екенін айтады. Одан бөлек тағы 20 адам шағымданған. Ал жауапкерлер- Ақсу аудандық жер комиссиясының мүшелері мен хаттама толтырған тұлғалар. Сот отырысына аудандық жер қатынастары бөлімі мен жер инспекциясының өкілдері де шақыртылған.

Сотқа мүдделі тарап ретінде келген Матай ауылының 70-ке жуық тұрғыны мен олардың қоғамдық қорғаушыларынан бөлек, ешкім сотта төбе көрсетпеді. Ауылдастарының үстінен арыз жазған кәсіпкер де келген жоқ. Оның өкілдері мен шенеуніктер онлайн қатысты. Үш сағатқа созылған сотта сөз алған жергілікті халық өкілдері Матай ауылындағы жер комиссиясының отырысы заңды өткенін айтады. Олар жалғыз шаруа қожалығының иесі ауылды «алатайдай бүлдіріп» отыр деп есептейді. Өзге шаруалар 69 лот бойынша көп жыл күткен жерлерге тамтұмдап болса да қол жеткізгендеріне шүкіршілік етеді.

Жергілікті тұрғындар 2022 жылы Ақсу ауданында 7 бірдей ауылда осы жер комиссиясының құрамы байқау өткізген. Олардың барлығы заңды деп танылып, аудан әкімі қаулы да шығарған. Ал Матай ауылына келгенде, бір адамның арызына бола, конкурсты заңсыз деп тану дұрыс емес. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деп, жерлестерінің әрекетіне ашуланып отырмыз. Қазір елдімекенде 4,5 мың халық тұрады. Олардың жастары осы мәселеге бола екіге бөлініп, араздасып жатыр, дейді.

«Бұл Марат Сенбекұлы деген адамның әкесі марқұм Сенбек деген кісі жақсы еді. Екі жыл болды өмірден өткен. Одан қалған жері де, малы да бар. Ол тіпті мал бордақылау үшін бұрынғы әскери бөлімдерінің жерін өздеріне қабылдап алған. Соған қанағаттанбай тұр бұл бала. Қанағат жоқ екен. Сондықтан біз оның әрекетінеосындай ашу үстіне келіп тұрмыз. Енді біз осыларды (жастарды- авт.) сабырға шақырып тоқтатпасақ, болмайды. Бұлар екіге бөліінп алып, бір бірінің қанын ішетін шаққа келіп тұр»,- дейді Матай ауылының тұрғыны Дәрия Досбаева.

«Мына Марат деген баал шықты да, қазір ауылды бір-біріне өштестіріп, ру-руға бөліп, быт-шыт боп кеттік. Біз облыс орталығына арнайы келіп тұрмыз. Қазір сотқа сол арызданып отырғандардың барлығы жаңағы жігіттің өз туысқандары. Сол туысқандарына тіркеп, сол жерге таласып отыр. Оның қаізр ауылда 5,5 мың гектар жері бар. Біз жақсы білеміз. Ал мына келіп тұрған тұрғындардың 400, 500 гектар, ары кете 1 мың гектарға жетпейтін жерлерді алғысы келген. Басқа жерлері жоқ. Бұлар конкурсқа бірінші рет түсіп тұр»,- дейді ауыл ақсақалы Толғанбек Мұсағұлов.

Ал Ақсу ауданы әкімі осы дауды сотқа жеткізбей реттеуі тиіс еді деген мәселе елдің көкейінде қалған. БАҚ өкілдеріне телефон арқылы жауап берген аудан басшысы Есім Базарханов сотқа дейін Матай ауылының жұртшылығымен кездесіп, мән-жайды түсіндіргенін айтады. Бірақ сотқа шағымдану әр азаматтың жеке құқығы. Мен оған кедергі келтіре алмаймын, дейді әкім.

«Ауылға барып, түсініктеме жұмыстарын жүргіздік. Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Сосын мен қаулыға қазір қол қоя алмаймын. Оның үстіне бұл іс сотта қараып жатыр. Сот қалай шешім шығаратынан білмеймін. Ол комиссияның шешімін бұза ма көреміз. Егер сот осы ауылға байланысты протокол заңды десе, қаулыға қол қоямыз», — дейді Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов.

Бүгінгі процесте комиссия шешімін заңыз деп тану туралы талап-арыздан бас тартқан азаматтар да болды. Олар істің мән-жайын толық түсінбей, қол қойғандарын айтты. Мүдделі тараптың қоғамдық қорғаушысы Азамат Сләмов талапкердің айтуымен адасып, арыз жазған адамдар бар, олар қазір өздерінің сотқа берген шағымдарынан бас тартып жатыр, дейді. Бұл жерде халықтың кінәсі жоқ. Қазір дауға соттан бөлек облыс прокурары да араласып, құқықтық баға беруі керек және заңнамалардың орындалуын қадағалауы тиіс деп ойлаймыз. Осы күнге дейін Ақсу ауданы әкімінің орынбасары басқарған жер комиссиясы бірнеше ауылда осындай шешім шығарған. Одан бері жер туралы заңдарға да өзгеріс енген жоқ. Ендеше мұнда жеке бір адамның мүддесі тұр. Сот ісі бұрын Алматы облысында құқық қорғау саласында қызмет істеп, қазір зейнет демалысына шыққан Марат Сенбекұлының пайдасына шықса, арыздануды тоқтатпаймыз, дейді матайлықтар. Келесі сот отырысы 3 ақпанда жалғасады.