Жетісуға келсеңіз, мұны көрмей кетпеңіз

27
мекен
Фото: inbusiness.kz

Қазақстандағы туризмі дегенде ең алғаш еске түсетіні – әрине, Алматы қаласы мен облысы.

Өйткені Алматы – еліміздің мәдени, ғылыми, қаржы, сауда, көлік-коммуникалық және туристік орталығы саналады. Сонымен қатар, өзінің терең тарихымен де құнды. Іле Алатауының бөктерінде орналасқан қаладан тас, қола дәуіріне жататын ірі әрі ұсақ ескерткіштер табылып, сонымен қатар, сақ, үйсін, көне түріктер дәуірінің мыңдаған жерлеу және ғұрыптық ескерткіштері сақталған.

Жердің жәннаты аталатын Жетісу мекені шетелден келген туристермен қатар өзіміздің тұрғындарды да сан жылдар бойы таңқалдырып келеді. Алматы, Жетісу десе көпшіліктің есіне ең бірінші Медеу, Шымбұлақ, Алакөл, Қапшағай, Көлсай сынды демалыс орындары түседі. Алайда, тарихы тереңге жайылған Жетісу жерінде бұдан да бөлек туристік мекендер баршылық. Көпшілік бара бермейтін, алайда көркі көзтартарлық әрі тарихи, тылсым дүниелерге толы жерлер жайында айтып өтпеске болмайды.

Шаған орманы (Ясеневая роща)

 Сурет: Tritopkz.com

Шарын шатқалы жайында айтылған жерде Шаған орманы туралы сөз қозғамай өту мүмкін емес. Бұл мекенде жер шарында сирек кездесетін мұздану дәуірінен өткен шаған (ясень) тоғайы кездеседі. Шаған орманы Шарын өзенінің сағасында тамырын тереңге жайған. Бұл тектес табиғи зона Солтүстік Америка жерінде ғана бар.

Шаған тоғайы Жетісу жағалауында мүлдем жойылып кеткен жануарлар өмір сүрген кезеңнен бері бар. Мұнда өсімдіктің 1500-ға жуық түрі өседі және олардың көпшілігі бүгінде «Қызыл кітапқа» енгізілген.

Боралдай сақ қорымы

Сурет: Aikyn.kz

Сонау біздің заманымызға дейінгі VI-III ғасырларда, тас дәуірі кезеңінде қалыптасқан сақ қорымы қаланың солтүстік-батысында, Үлкен Алматы өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан. Бұл ескерткіш жайында қаншама тарихи деректер мен аңыздар келтіріледі. Қорымның ұзындығы 3 шақырым болса, ені 800 метрге дейін созылып жатыр. Бұл қорым өзінің тереңге жайылған тарихымен аса құнды. Жалпы аумағы 430 га жерді алып жатқан «Боралдай сақ қорымы» паркінің аймағында ерте темір дәуірі кезеңінің 47 үлкен сақ және 200өден астам үйсін қорғандары да орналасқан. Сақ обалары Жетісудың тау бөктері аймақтары бедерінің ерекше белгілері болып табылады.

Сурет: Kazgazeta.kz

Боралдай кешендік қорғандарында сақ және үйсін тайпалары мекен еткені белгілі болды. Сонымен қатар, Боралдай сақ қорымында аталмыш тайпалардың билеуші әулеттерінің өкілдері мен лауазымды тұлғалары жерленген.

Сурет: Inform.kz

«Ашық аспан астындағы Боралдай сақ қорғандары» археологиялық кешені бүгінде тарихи маңызды ескерткіш саналады. Себебі, Боралдай сақ қорымы  — Алматы аумағында ерте темір ғасырынан сақталған жалғыз есукерткіш. Екі мың жылдан аса тарихы бар бұл қорым жайында біршама жылдар бойы беймәлім болып келген. Ал бүгінде жан-жақты зерттелген аталмыш қорым туристерге құшағын кеңінен жаюда.

Көне Талхиз қалашығы

Сурет: Yvision.kz

Көне Талхиз қалашығы Алматыдан is5sc0f 0fhfq 25 шақырым қашықтықта Талғар қаласының шетінде орналасқан. Археологиялық деректерге сәйкес, аталмыш қаланы VIII-XIII ғасырларда 8 мыңға жуық адам мекендеген.

VIII-ІX ғасырлардың жазба деректерінде Талхиз деген атпен белгілі болған бүгінгі Талғар қаласының маңайына жасалған археологиялық зерттеулер қалашықтың өте көне мекен екенін дәлелдейді.

Сурет: E-history.kz

Түрлі деректерге сәйкес, Алғаш рет Талхиз атауы 982 жылы Худуд әл-Әлемнің «Әлем шекарасы» атты трактатында қолданылады. Автордың айтуынша, бұл қала түркілердің чигил мен қрлұқтың шекарасында орналасқан. «Талхиз» атауын зерттеген ғалымдардың пайымдауынша, бұл атау көне түркінің «донгар» сөзінен алынған екен, ол «Жоғары мұзды тау» деген мағынаны білдіреді. Осыған байланысты, талғар қаласының оңтүстігінде VII-VIII ғасырларда өмір сүрген Қарлұқ мемлекетінің орталығы болған «Талхиз» қаласының орны сақталғаны белгілі болды.

Сурет: Vlast.kz

Еліміздің тарихынан сыр шертетін, алайда көбі біле бермейтін Көне Талхиз қаласында экскурсоводтар жоқ және өкінішке қарай, бұл мекенді көпшілікке таныстыру үшін туристік аймақ ету жұмыстары жасалынбаған. Дегенмен, табиғаты әсем Талғар қаласына барған адамдар Көне Талхиз қаласына да қоныс тебуіне болады.

«Бұрхан-бұлақ» сарқырамасы

Сурет: express-k.kz

«Бұрхан-бұлақ» сарқырамасы Жетісу жеріндегі, сондай-ақ, Орта Азиядағы ең үлкен сарқырама болып саналады. Атмалыш сарқырама Іле өзенінің алабында орналасқан. Ұзындығы 50 шақырымды құраса, су жиналатын алқабы 255 шаршы шақырымды құрайды. «Бұрхан-бұлақ» сарқырамасы Жоңғар Алатауындағы Тышқан жотасының оңтүстік беткейінен басталып, Жаркент қаласының тұсындағы Үсек өзеніне барып құяды. Деректерге сәйкес, «Бұрхан-бұлақ» сарқырамасы теңіз деңгейінен 2000 метр битіктікте орналасқан.

Сурет: eltourism.kz

«Бұрхан-бұлақ» сарқырамасы жайында халық ауызында таралған аңыз да бар: Бұрхан – анасының жалғыз ұлы. Жалғыз ұлын тым қатты жақсы көрген анасы Бұрхан ұлына жүзінен иманы төгілген, инабатты әрі тіл алғыш келін түсіруді армандайды. Алайда, ұлы тым тәкаппар әрі бірбеткей Қора сұлуға ғашық болыпты. Жалғыз ұлының бұл таңдауына көндіге алмаған анасы екі ғашықтың бірігуіне жол бергісі келмей, орасан зор етіп тас қамал соғып, баласын сонда қамап тастайды. Дегенмен, Бұрханның махаббаты бәрінен басым түсіп, қамалдан асып төгілген суы Қора сұлудың өзеніне қосылады. Содан бері екеуі тел ағысқа айналып, телегей теңіз өзен болыпты. Баласынан айырылып қалған ананың көз жасы әлі күнге дейін тыйылмай келеді екен. «Бұрхан-бұлақ» сарқырамасымен қатарлас жылай ағатын кішщкентай жылға осы «Ананың көз жасы» дейді.

Сурет: kolesa.kz

«Бұрхан-бұлақ» сарқырамасына жету оңайға соқпайды. Қылқан жапырақты қалың орманды өтіп, үшкір тасты мүрлеу жолмен жылжыған көлік 55 шақырымды бес сағатта әрең жүріп өтеді. Көпшілік бара бермейтін мекен болғандықтан да түрлі қоқыстар мен жазулар жазылған атстар кездесе бермейді. Табиғаты көркем бұл мекен шекара аймағы саналады.

Қора шатқалы

Сурет: voxpopuli.kz

Жоғарыда атап өткендей, «Бұрхан-бұлақ» сарқырамасына жақын маңда Қора шатқалы орналасқан. Текелі келісі – Қора өзенінің шатқалына кіре берісте биіктігі үш метр болатын алып тас тұрады. Ол таста Будданың бейнесі кескіленген. Тас бетінің дәл ортасында табиғаттың өзі қашаған су толы келі бар. Бір кереметі, бұл табиғи келінің ішіндегі су жылдар бойы еш ортаймайды екен. Жергілікті тұрғындар ол суды киелі деп санайды.

Сурет: Егемен Қазақстан

Түрлі тылсым дүниелерге толы Қора шатқалындағы үлкен тастың төменгі жағыныда рельефті бейнелер мен мифтік жануарлардың сұлбасы салынған. Ламалар осы келі тастың энергетикалық қуаты шексіз деп есептейді және кімде кім бұл жерге келсе, игілікке кенеледі деп топшылайды. Келітастың Қора шатқалының кіреберісінде орналасуы да тегін емес дейді. Тағы бір кереметі, мұнда табиғаттың төрт құбылысы – су, топырақ, жел мен от өте жақсы үйлесім тапқан. Қора шатқалында әлі талай тылсым құпиялар жасырынған болуы әбден мүмкін.

Сурет: Kazdemalu.kz

Табиғаты ерекше әсем бұл мекенге де қатысты халық ауызында сақталған аңыз бар екен. Ол Қора шатқалында ерекше көзге түсетін әулие тасқа қатысты: Ежелде Қора өзенінің бойында бір ауыл болған екен. Мал асырап, өз күндерін көріп, мамыражай күн кешіп, еш алаңсыз жатқан кезде кенеттен жер сілкінісі болып, ауыл тұрғындары адам сенгісіз әбігерге душар болыпты. Таудан төмен қарай жолындағының бәрін жапырып, бір үлкен тас құлдилай жөнеледі. Бір ғасыр тұрған шыршаларды тамырымен төңкере қиратып жүйткіген тас бір әйел толғатып жатқан киіз үйге қарай бағытталып келеді екен. Сондағы бір керемет, әлгі тас киіз үйге бірнеше сантиметр қалғанда өздігінен қалт тоқтай қалып, сонда тұрып қалады. Содан бері олл тас «әулие тас» деген атқа ие болған.

Ежелгі Қойлық қаласы

Сурет: El.kz

Табиғаты әсем Жетісу жерінде қалдықтары сақталған ең ірі қала – Қолық қаласы. Бірі білсе, бірі біле бермейтін аталмыш қаланың құрылыс қалдықтары бішама шақырымға дейін созылып жатыр. Аталмыш қаланы, бір деректерде Қойлық десе, енді бірде Қаялық деп атайды, сонымен қатар, Қайлақ деген де атау кездеседі. А.Н.Бернштамның жорамалына сәйкес, бұл қаланы Іле алқабындағы ірі қала жер үлгісіне орай осылай атаған дейді. Яғни, Қойлық «қой жайылымы» немесе «жайылымға ыңғайлы өңір» деген мағынаны білдіреді.

Сурет: e-history.kz

Ежелгі Қойлық қаласы ХІ мен ХІІІ ғасырдың басына дейінгі аралықтағы жазбалардан Қаялық атауымен қарлұқ жабғуларыныуң астанасы ретінде белгілі болған. Бұл қала қарахандар қағанатындағы түркі – қарлұқтар елінің орталығы болды.

Сурет: El.kz

Алматы маңында орналасқан бұл тарихи қала туралы түрлі тарихи деректер келтіріледі. Фактілердің мынадай үйлесімі бар: жазба деректер мен археологиялық мәліметтер – Антоновка селосының шығыс шетінде, Алматы облысының Сарқан ауданы орталығынан шығысқа таман 35 шақырым жердегі, Лепсі өзенінің алқабында орналасқан қаланың үйінді орны Қиялық деген қорытындыға келу зерттеушілер үшін өте сирек болатын сәттілік. Антоновка қаласының ауқымды аумағын жауып жатқан сандаған дөңестер мен ойпаттар бұрынғы қала құрылысының іздері болып табылады.

Алматыға ат басын бұрып, табан тіреп жатсаңыз аталған мекендерге мүмкіндігінше соқпай өтпеңіз.

Назерке Лабихан

«Азаматтық журналистер» жобасы