«Жібек жолы» кемесі басып алынған Украина портынан 7 мың тонна астықты заңсыз экспорттаған

Әлем. 1 шілде. 7kun.kz – Украинаның Бердянск қаласынан астық қазақстандық кемемен Түркияның Қарасу портына тасымалдануда, деп хабарлайды 7kun.kz.

KZT EXPRESS SHIPPING компаниясына тиесілі «Жібек жолы» кемесі 22 маусымда Новороссийск портынан шықты. marinetraffic.com сайтының хабарлауынша, ол Қара теңіз бойындағы Түркияның Қарасу портына бет алған. Саяхаттың соңғы нүктесіне экипаж мен жүк шамамен UTC 19:00-де келуі керек. Алдын ала мәлімет бойынша, Украинаның Бердянск қаласынан жеткізілген кемеде 7 мың тонна астық бар.

«Жібек жолы» құрғақ жүк кемесі 2016 жылы құрастырылған және бүгінде Ресей туы астында қатынауда. Ол Санкт-Петербург портына тіркелген.

KZT EXPRESS SHIPPING иесі тағы бір заңды тұлға – KTZ Express компаниясы. Сондай-ақ «KTZ Express» «Қазақстан темір жолының» еншілес кәсіпорны екені мәлім. KTZ Express Басқарма төрағасы Асқар Қылышбековтің айтуынша, компанияға аталған мәселе жайлы ақпарат келіп түскен, бірақ әлі нақтылануда.

Айта кетейік, қазақстандық кеме расымен украиналық астықты тасымалдайтыны расталса, Қазақстан санкцияларға ұшырауы мүмкін.