11-25 наурыз аралығында дамушы елдердің валюталарының бағамы қалай өзгерді?

валютасын
Фото: la-vidaloca.com

ҚР Ұлттық Банкі жекелеген дамушы елдердің валюталарына шолуын жариялады, деп хабарлайды 7.kun.kz.

Сыртқы валюта нарығында 2022 жылдың 11-25 наурыз аралығында бірқатар маңызды оқиға болды.

Англия Банкі мөлшерлемені 0,75%-ға дейін 25 б.т. көтерді. Еуроаймақтағы іскерлік белсенділік индексі наурызда 54,5 тармаққа (ақпанда 55,5 тармаққа) дейін бәсеңдеді. АҚШ ФРЖ реттеушінің баға тұрақтылығына қол жеткізу мақсатында алда болатын отырыстарда мөлшерлемені төрттен бір пайыздан аса ұлғайта алатыны жөнінде белгі бере отырып, отырыстың қорытындысы бойынша, 2018 жылдан бері алғаш рет мөлшерлемені 0,25-0,5%-ға дейін 25 б.т. арттыру туралы шешім қабылдады. Ашық нарықтар жөніндегі комитетке қатысушылардың көпшілігінің болжамы бойынша, 2022 жылы 1,75-2%-ға дейін 6 рет көтерілетіні көзделген. Дж. Пауэлдың АҚШ экономикасы өте күшті болғандықтан,  ақша-кредит саясатының күшеюіне төтеп бере алады деген пікірі тәуекелді активтердің жаһандық дәрежесіне қолдау көрсетті. Түркия президенті Р. Ердоған РФ мен Украинаның келіссөздер кезінде өзара келісімге келуге жақын екендігі туралы хабарлады.

Бұл факторлар көбінесе дамушы нарық валюталарының оң серпініне алып келді. 

Дамушы елдерде АҚШ долларына қатысты валюта бағамдарының[1] серпіні төмендегідей қалыптасты:

  • Ресей рублі Ресейден газды қарсылық білдірген елдерге жеткізу ақысын рубльмен аудару туралы хабарламалар аясында 16%-ға (114,25-тен 96-ға дейін) нығайды;
  • Бразилия реалы инфляцияның өсуіне байланысты мөлшерлеменің 11,75%-ға дейін 1 п.т. өсуі аясында 6,5%-ға (5,07-ден 4,74-ке дейін) нығайды. Наурыздың ортасында бағаның өсуі 10,79% ж/ж болды, бұл Орталық банк таргетінен 3,5%-ға артық.
  • Мексика песосы Орталық банктің мөлшерлемені 6,5%-ға дейін 50 б.т. арттыру жөніндегі шешімі аясында 4,2%-ға (20,91-ден 20,03-ке дейін) нығайды. Бұл туралы реттеуші ресми жариялағанға дейін ел Президенті күтпеген жерден мәлімдеді;
  • Оңтүстік Африка ранды шикізат тауарлары бағасының өсуі аясында 3,3%-ға (15,04-тен 14,54-ке дейін) нығайды, бұл елдегі сауда жағдайын жақсартады. Орталық банк мөлшерлемені 4,25%-ға дейін 25 б.т. көтеру туралы шешім қабылдады;
  • үнді рупиясы қаржы жылының соңына қарай наурызда экспорттаушылар тарапынан ұлттық валютаға сұраныс аясында 0,5%-ға (76,59-дан 76,21-ге дейін) нығайды;
  • Индонезия рупиясы 0,3%-ға (14 301-ден 14 346-ға дейін) әлсіреді. ХВҚ Индонезия банкін облигацияларды бастапқы нарықта сатып алуды тоқтатуға және пайыздық мөлшерлеменің ақша-кредит саясаты туралы нақты белгі беруіне мүмкіндік беруге шақырады;
  • түрік лирасы Орталық банктің 54% ж/ж инфляция қарқынына (2022 жылғы ақпанда) қарамастан базалық мөлшерлемені 14% деңгейінде өзгеріссіз сақтап қалу туралы шешімі аясында 0,5%-ға (14,77-ден 14,84-ке дейін) әлсіреді.

Ал теңгенің нарықтық бағамы екі аптада 3,3%-ға (510,79 теңгеден) нығайып, бір АҚШ доллары үшін 494,16 теңге деңгейінде.