2015 жылы Ақмола облысында экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны артты

2898
халық
pixabay.com

Астана. 27 ақпан. 7kun.kz — 2015 жылдың IV тоқсанында халықтың жұмыспен қамтылуын іріктеп зерттеу деректері бойынша Ақмола облысының экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың саны 455,2 мың адам құрады және 2014 жылдың сәйкес тоқсанымен салыстырғанда 2,5% көбейді. Ерлердің экономикалық белсенді деңгейі 85%, әйелдердің – 76,4% құрады. Бұл туралы облыс Статистика департаменті хабарлады.

Облыстың экономикалық белсенді халықтың жалпы санынан экономика саласында 433,1 мың адам жұмыспен қамтылған, 2014 жылдың сәйкес тоқсанымен салыстырғанда олардың саны 2,5% көбейді.

Жалпы жұмыспен қамтылған халық санында ерлер саны 216,2 мың адамды, немесе 49,9%, әйелдер – 216,9 мың адамды (50,1%) құрады.

Жұмыспен қамтылған халық құрылымының 62,9%-ын кәсіпорындар мен ұйымдарда жалданып жұмыс істеушілер құрайды, ал 37,1%-зы өздігімен жұмыспен қамтылғандар санатына жатады.

2015 жылдың IV тоқсанында жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 74,4 мың адам немесе (17,2%) өнеркәсіп пен құрылыста, 154,5 мың адам немесе (35,7%) – ауыл,орман және балық шаруашылығында, 204,2 мың адам немесе (47,1%) – қызмет саласында еңбек атқарды.

Жұмыссыздар саны 2015 жылдың IV тоқсанында 22,1 мың адамды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес тоқсанына қарағанда 0,5 мың адамға артық. Жұмыссыздық деңгейі 4,9% құрады.