Экономика
2015 жылы инновациялық инфрақұрылым нысандарының пайдасы 164 млн теңгені құрады

2015 жылы инновациялық инфрақұрылым нысандарының пайдасы 164 млн теңгені құрады, деп хабарлады ОКҚ брифингі барысында «Ұлттық технологиялық даму агенттігі» АҚ басқарушы директоры Батырбек Даутбаев.
«2015 жылдың қорытындысы бойынша инновациялық инфрақұрылым нысандарының 164 млн теңге таза табысына қол жеткізілді», - деді Б.Даутбаев.
Оның айтуыша, бүгінгі таңда еліміз бойынша 8 аймақтық технопарк жұмыс істеп тұр. Олардың негізгі қызмет түрі технологиялық бизнес-инкубациялау. Технологиялық бизнес-инкубациялау бағдарламасы ҚР инвестиция және даму министрлігімен 2010 жылдан бері жүзеге асырылуда.
«Егер 2010-2015 жылдардағы статистикалық дерекке сүйенетін болсақ, бағдарлама аясында 975 млн теңгенің 116 жобасы жүзеге асырылған», - деп атап өтті Б.Даутбаев.
Ол «Сарыарқа» технопаркі арқылы Воронов ойлап тапқан жылу алмастыру өндірістік кәсіпорнының модульдік жобасы қолдау тапқанын атап өтті.
«Қазіргі таңда бұл модуль жылыту маусымында 40-45% отын үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр. Аталмыш модуль 12 өндіріс нысандарына орнатылған. Солардың қатарында Қарағанды қаласының әуежайы бар», - деді ол.