2015 жылы Ресейден Қазақстанға 1,1 млн тонна бензин импортталады

428
2015 жылы Ресейден Қазақстанға 1,1 млн тонна бензин импортталады

«Индикативті баланс нәтижесі бойынша, осы жылы Ресей Федерациясынан келетін отын импорты 1 млн 100 мың тоннаны, дизельді отын импорты 520 мың тоннаны, авиакеросин 266 мың тоннаны құрайды. Белгіленген мөлшердің барлығы ҚР-ға РФ-дан аймақтық, күнтізбелік және басқа да мәліметтерді есептегенде бір жыл ішінде жеткізілуі қажет», — деп мәлімдейді энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Энергетика вице-министрінің айтуынша, Ресейден Қазақстанға жеткізілетін отының барлығы импортер-компания мен импортталатын көлемге бағынбастан  ҚР мен РФ арасындағы индикативті балансқа есептеледі.

«Индикативті баланс аясында Ресейден Қазақстанға келетін отын салықсыз жеткізіледі. Егер индикативті баланста көрсетілген көлемдер мөлшерден асып кететін болса, Ресей Федерациясы салық алу туралы сұрақты қарауы мүмкін», — деп атап өтті ол.

Осыған дейін, Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанның ресейлік жанар-жағармайға уақытша шектеу салуы индикативті баланста көрсетілген импорт көлемінен аспайды деп түсіндірген еді.

Айта кетейік, осы жылдың алғашқы екі айында Ресейден келетін жанар-жағармай жоспарланған мөлшерден  150 мың тонна асып кетті.

«2015 жылдың қаңтар айында Ресейден Қазақстанға жоспар бойынша 90 мың тонна бензин келуі қажет болғанымен, 180 мың тонна импортталды. Ақпан айында осы жағдай қайталанды. Келуі керек 80 мың тоннаның орнына 140 мың тонна жеткізілді. Нәтижесінде 2015 жылдың қаңтар-ақпан айларында Ресейден Қазақстанға әкелінген отын көлемі қажетті мөлшерден 150 мың тонна асып кеткен. Уақытша шектеу салу арқылы елдің ішкі нарығындағы шетелдік жанар-жағармай көлемін реттеп, бензин аса қажет болған маусымдарда мұнай өнімдерінің кейбір түрлері бойынша дефицит болдырмауға бағытталып отыр», — деп қорытындылады Мырзағалиев.

Еске салайық, осыған дейін ҚР-дың энергетика министрлігі 5 наурыз бен 20 сәуір аралығында РФ-дан келетін бензин мен дизельді отынның импортына шектеу салған еді.