2016 жылдың ең табысты валютасы анықталды

453
теңге

Алматы. 1 қаңтар. 7kun.kz — 20 пайызға қымбаттаған Ресей рублі мен бразилиялық реал 2016 жылдың ең табысты валюталары болып танылды. «Альпари» сараптама департаментінің мамандары долларға қатысты арзандаған және керісінше нығайған валюталар рейтингін жасап шықты.

«Альпари» сараптама департаменті директорының орынбасары Наталья Мильчакованың айтуынша, өткен жыл дамушы елдердің нарығына ауыр тиді. Себебі әлемдік экономикалық дағдарыстан олардың экономикасы дамыған елдердікімен салыстырғанда көбірек жапа шеккен. Дегенмен, дағдарысқа қарамастан кейбір елдердің валютасы нығайған.

Долларға қатысты бір жылда 21,8 пайызға қымбаттаған Ресей рублі жылдың ең табысты валютасы боп танылды. Жыл қорытындысы бойынша рубльдің долларға қатынасы 61,081 рубльді құраған. Ресейлік валютаның өсу себебін сарапшы 70 пайыздан аса қымбаттаған мұнай бағасы мен қайта «тіріліп» келе жатқан өндіріс есебінен деп түсіндірді.  Сондай-ақ, табысты ретінде саналған және бір валюта 2016 жылы 20,6 пайызға артқан – бразилиялық реал. Оның долларға қатысты курсы 3,284 реалға өскен.

2016 жылдың қорытындысы бойынша, мұнайды көптеп өндіру мен оның біршама қымбаттау есебінен Қазақстанның теңгесі долларға қатысты 2,3 пайызға қымбаттаған (1 доллар – 333,46 теңге).  

2016 жылы басқа да валютаның қатарында 18,8 пайызға өскен оңтүстікафрикалық рэнд бар.  Оның да өсуіне мұнай  мен металл бағасының қымбаттауы және елдегі саяси тұрақтылық әсер еткен.

Ал керісінше долларға қатысты біршама арзандап, тізімнің соңында қалған валюталар ретінде департамент сарапшылары 17,44 пайызға құнсызданған түрік лирасы мен 13 пайыз арзандаған мексикалық песоны көрсетеді.