2016 жылы Алматы маңында жаңа әуежайдың құрылысы басталады

Алматы

Алматы. 8 желтоқсан. 7kun.kz — 2016 жылы Алматы маңында халықаралық жаңа әуежай құрылысы басталады. Жоспарланған инвестиция көлемі — 8 млрд доллар. Бұл туралы Алматы әуежайының мәдениет үйінде атап өтілген Халықаралық азаматтық авиация күнінде мәжіліс депутаты Серік Сейдуманов айтты.

«Қазіргі таңда жобаның негізгі бөлігі орындалды. Әуежай жұмыстары мен оның инфрақұрылымдары үшін сырттан инвестор тартылатын болады»,- деді Серік Сейдуманов. Бірақ нақты қандай компанияның инвестиция салатындығы әзірге белгісіз.

Сондай-ақ жалпы қазақстандық авиацияға қатысты басқа да маңызды мәселелер қаралды. Алматы халықаралық әуежайының (АХӘ) президенті Айбол Бекмұхамбетовтің сөзінше, азаматтар қазір жүзеге асырылып отырған жетілдірілген бақылау шараларын түсіну қажет.

«Бізде барлық жерде, тіпті VIP-залымызда, бірінші тексеру желісі бар. Кинологтар жұмыс істейді. Алдағы уақытта кез-келген жағдайлардың алдын алатын, соның ішінде лаңкестік қауіп-қатерден сақтануға мүмкіндік беретін жаңа техннологиялар енгізіледі. Күшейтілген бақылау шараларына түсіністікпен қарауды сұраймын. Осының бәрі баршамыздың қауіпсіздіздігіміз үшін»,-деді Айбол Бекмұхамбетов.

АХӘ басшылығының атап өтуінше, алдағы уақытта 60 млн доллар көлемінде қаражат жұмсалатын екі ұшып-қону жолағы салынады.

Фото: time.kz