2018 жылы Tele2 мен Altel-дің табысы 17%-ға өсті

79
Фото: alau.kz

Алматы. 5 ақпан. 7kun.kz — Бірлескен Tele2 мен Altel бүгін 2018 жылдың қорытындысын жариялады. Ең басты көрсеткіш — 2017 жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда абоненттік база көлемі 7 160 000 адамға өскен.

Абоненттік базаның және әр абоненттен түсетін орташа кірістің өсуі компанияның қаржылай нәтижелеріне де оң әсер еткен.

2018 жылдың нәтижесі бойынша жиынтық ақшалай түсім 122,2 млрд теңге құраған (2017 жылы – 104 млрд. теңге).

Ал абоненттік ақшалай түсімі  96,1 млрд теңге болған (2017 жылы 80,2 млрд теңге).

EBITDA 69%-ға, яғни 41,9 млрд. теңгеге дейін өскен (2017 жылы 24,8 млрд. теңге).

2018 жылдың соңындағы есеп бойынша компания меншігінде 6380 базалық станция бар. Мұның 70%-дан астамы деректері таратудың соңғы стандарты — LTE Advanced технологиясын қолдайды.

Компания 2018 жылдың желтоқсан айында қазақстандық мобильді операторлардың ішінде алғашқы болып Алматыда мобильдік желінің виртуалдық ядросын коммерциялық пайдалануға берді. Ядроны виртуалдандыру желі өнімділігін шектемеуге мүмкіндік беріп, ең көп салмақ түсетін уақыттарда ресурстарды қайта үлестіруге және қажет болған жағдайда қосымша серверлік қуаттылықтарды қосу жағдай жасайды. 2019 жылы Астана, Шымкент және Ақтөбедегі ядроларды виртуалдандыру жоспарланған.

«Tele2 және Altel бірлескен компаниясының үш жылдық қызметі ішінде біз абоненттік базаны айтарлықтай өсіріп, басты қаржылық көрсеткіштерді арттыруды жалғастырдық. LTE Advanced желісін дамыту және желідегі жобаларды жүзеге асыру аясында күш біріктіруіміз арқасында біз желі жұмысының тұрақтылығын арттырып, технологиялық көшбасшылығымызды сақтап қалдық. Біз алдағы жылдары абоненттердің мобильдік қаржылық сервистерге және ғаламтор арқылы бейнеқызметтерді ұсыну қажеттіліктерін қанағаттандыруды, сондай-ақ, 5G және IoT сервистерін іске қосу үшін желіміздің әлеуетін қолдануды жоспарлап отырмыз», — дейді Tele2 және Altel бірлескен компаниясы басқарма төрағасы Роман Володин.

Анықтама: Tele2 – жетекші еуропалық байланыс операторларының бірі. Бүгінгі күні Tele2 – 8 елдегі 15 миллионнан аса абонентке мобильдік және тіркелген телефония, кеңжолақты байланыс арқылы интернетке шығу және кабельдік теледидар қызметтерін ұсынып отыр. Altel – «ALTEL 4G» бренді арқылы LTE технологиясын коммерциялық тұрғыда іске қосқан тұңғыш қазақстандық мобильдік оператор. Қазақстанда 2011 жылдан бастап жұмыс жасап келеді (2016 жылдан бастап «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлескен компания ретінде қызмет етеді). 7,1 миллионнан аса абонентке 3G және  4G технологиясында мобильдік байланыс және кеңжолақты сымсыз интернет байланыс қызметтерін ұсынып отыр.