2022 жылдың алғашқы 4 айында әуе компаниялар 120 млрд пайда тапты

Алматы. 10 маусым. 7kun.kz – 2022 жылдың бірінші төрт айында Қазақстанда әуе компаниялары 119,6 млрд теңге пайда тапқан. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткштен 31,5%-ға көп, деп хабарлайды 7kun.kz ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Пайданың ең көп бөлігі жолаушы тасымалынан келген. Ол 116,9 млрд теңгені құрады. Одан кейін жүк тасымалы (2,7 млрд тг) мен ұшақты пилотымен жалға беру (1,4 млрд тг) пайда әкелген. Бір жыл бұрын алғашқы 4 айдағы пайда 91 млрд болған.

Биыл төрт айда әуе компаниялары 2,6 млн жолаушы тасымалдаған. Алғашқы орында Алматы – 1,8 млн адам. Келесі орында Шымкент – 634 мың жолаушы. Ал елордалық әуежайды 151,4 мың адам пайдаланған.

2022 жылдың 17 мамырында Брюссельде өткен Еуроодақтың ұшу қауіпсіздігі комитетінің отырысында Қазақстанның бұл көрсеткішін үлкен жетістік деп атап өткен. Қазір қазақстандық әуе компанияларға Еуропа елдеріне ұшуға ешқандай кедергі жоқ.