ЖаңалықтарҚазақстанҚоғамТаңдаулы1

25 мың қазақстандық Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұсынған «Жасыл мекен» акциясына қатысты

Алматы. 14 мамыр. 7kun.kz – Алматыда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жыл сайын өтетін дәстүрлі «Жасыл мекен» әлеуметтік акциясы басталды.

200-ден астам терек пен қарағаш көшеті жаңа бой көтерген «Саялы» ықшамауданындағы үйлердің ауласында отырғызылды. Қазір мұнда 700-ден астам отбасы тұрады. Олардың барлығы үйді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы мемлекеттік бағдарламалар аясында алған болатын.

“Барлық қазақстандық баспаналы болуды маңызды әрі бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселе деп біледі. Ал Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бұл мәселенің шешімін табу үшін барынша жайлы жағдай жасайды. Біз халыққа жылдық мөлшерлемесі 3,5%-дан басталатын жеңілдетілген заем ұсынумен қатар, азаматтар үшін кешенді экожүйе жасауға да тырысамыз. Бұл – біздің серіктестер ұсынатын, жаңа үйдің иесі атанған жандарға арналған қосымша сервистер мен жеңілдіктер, сондай-ақ салымшыларымыз тұратын аулаларды көгалдандыру. Соңғысы аса маңызды, себебі отырғызылған көшеттер аулаларды гүлдендіріп, ауа тазартып, үлкен пайда әкеледі”, – деп акция мақсатын түсіндіріп өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымының орынбасары Әділет Қожанбаев.

Ол осы жылы бірінші рет банктің клиенттерге көгалдандыруды басқалаларға қарағанда көбірек қажет ететін тұрғын үй кешендерін өз бетімен таңдауды ұсынғанын айтты. «Жасыл мекен» акциясының аясында дауыс беру банк сайтында 10-20 сәуір аралығында жүрген болатын. Оған 25 000 адам қатысты. Ең белсенді деген 150-ден астам қатысушы дауыс беру туралы ақпаратпен әлеуметтік желілердегі парақшаларында бөлісіп, достары мен таныстарын өз нысанына дауыс беруге шақырды. Нәтижесінде әр аймақта бір-бірден ең көп дауыс жинап, жеңімпаз атанған тұрғын үй кешендері анықталды. Барлық облыстар бойынша жеңіске жеткен нысандар тізімі банк сайтында жарияланған. Басқа аймақтарда ағаш отырғызу жақын арада басталады. Барлығы 1000-нан астам көшет отырғызылады деп жоспарлануда.

– «Жасыл мекен» жақсы дәстүрге айналды. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары бүгін банк өкілдерін кабинеттерден емес, үйге келген қонақ ретінде көріп отыр. Ал банк қызметкерлері, өз кезегінде, салымшылардың қайда тұратынын біліп, олардың тұрмысын жақсартуға үлес қосып жатыр. Бұдан бөлек ағаш отырғызған барлық тұрғындарға атаулы сертификаттар мен көшетті қалай күтіп-баптау керектігі туралы нұсқаулықтар тапсырылды. Мұндай сертификатқа ие болған әр жанұя отбасылық ағашымыз бар деп мақтан тұтып, оның жетіліп, жайқалып өсуін қадағалайтын болады.

Алматы қаласында «Жасыл мекен» акциясының жеңімпазы атанған Саялы ықшамауданына жақын арада жаңа тұрғындар көшіп келеді. 2018 жылдың соңына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында бұл ауданда тағы 1 659 пәтер сатылады деп жоспарлануда.

2017 жылдың басынан бері «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісі бойынша 7 577 пәтер сатылды. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша тағы 6 000 пәтер пайдалануға беріліп отыр, олардың барлығы банк салымшылары арасында бөлістіру кезеңінен өтіп жатыр. Нысандар туралы толық ақпаратты baspana.kz сайтынан білуге болады.

Tags

Осы айдарда

Close