Абылай Мырзахметов: Бизнестегі салық мөлшері өзгермеуі керек

Қосымша құн салығы көтерілген жағдайда кәсіпкерлерге салмақ түседі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Атамекен» ҰКП төрағасы Абылай Мырзахметов мәлімдеді.

«Кеше Президент Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнады. Жолдау барысында салық жүйесіне өзгерістер енгізілетінін айтты. Сатудан түскен табысқа салық енгізілетін болса да, салықтан түсетін түсім өспейді. Салықтың түрін өзгертіп, кей бөлімдерін алып тастайық, бірақ, бизнеске келіп отырған пайызы өзгермеуі керек. Бұл – ең басты мәселе. Оның үстіне, қазір отандық кәсіпкерлердің арасында бәсеке де күшейіп отыр. Қосымша құн салығын өсірсек, қиын жағдайға әкеліп соғады. Елбасының бұл тапсырмасы біздің көңілімізден шықты. Біз бұл мәселені бұрыннан көтеріп жүрміз. Салық жүйесіне қандай реформалар жасалса да, салықтың түсімі өспеуі керек», — деді палата төрағасы.

А.Мырзахметовтің айтуынша, жаңа салық түрінің енгізілгені дұрыс. Алайда, ол әлі зерттеуді қажет етеді. Арнайы жұмыс тобы құрылып, 1 наурызға дейін белгілі болады.

Фото: nb.kz