Аптаның қаржы қорытындысы

513

Әр апта сайын еліміздің қаржы саласында маңызды жаңалықтар орын алады. 7kun.kz  тілшілері сіздер үшін аптаның ең өзекті қаржы жаңалықтарын сараптап, назарларыңызға ұсынады. 18-22 қаңтар аралығында мынандай маңызды оқиғалар болды.

Дүйсенбі, 18 қаңтарды әлемдік шикізат нарығы кезекті құлдыраумен бастады. Вrent маркалы мұнай бағасы барреліне 28 доллардан арзандап, 27,72 долларға дейін жетті. Бірақ кейінірек, қайта көтеріліп, 28,6 долларға бағаланды.

Осы арада Иран санкция салынғанға дейінгі тәулігіне өндірілетін 4 млн баррель мұнай көлемін қайта қалпына келтірмек екендігін мәлімдеді. Ираннан санкция алынған соң, Қазақстан нарықтағы біршама үлесін жоғалтып алуы мүмкін.

Отандық нарықта «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 25 пайызы IPO әдісі арқылы сатылымға шығарылатындығы белгілі болды. Осыған дейін жекешелендіретін нысандардың тізімі жарияланған еді. ІРО әдісі арқылы сатылымға «Қазақстан темір жолы», «Қазақавтоөндіріс», «ҚазМұнайГаз» секілді ұлттық компаниялар қойылады.

Сейсенбі, 19 қаңтарда доллар курсы 380 теңгеге дейін жетті. Қор биржасындағы ресми ақпарат бойынша, доллардың орташа бағамы  374,31 теңге деп бекітілді. Ал Алматы  қаласындағы ақша айырбастау бөлімшелерінде доллар 381 теңгеден сатылды.

Әлемдік нарықта мұнай бағасы барреліне 29,32 доллардан сатылды. Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) болжамы бойынша, 2016 жылы әлемнің мұнайға деген сұранысы 1,2 млн баррелльге артады. Ал JPMorgan Chase сарапшылары 2016 жылға арналған мұнай бағасын болжап көрді.  Олардың сөзінше, 2016 жылы Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 31,25 доллар деп белгіленеді.

Сәрсенбі, 20 қаңтарды ұлттық валютамыз нығаюмен бастады. Таңғы сауда кезінде доллар бағамы 372,03 теңгені құрады. Бірақ күндізгі сауда кезіндегі сессияда доллар курсы қайта 377 теңгеге дейін жетті.

Шикізат нарығында қара алтын бағасы 27,8 долларға төмендеді. Ал АҚШ-та бензиннің орташа бағасы бір галлонына (3,8 литр) 1 доллар 89 центке арзандады. Бұл 2015 жылдағы орташа бағадан 17 центке төмен.

Алматы экономикасы үшін 40 млрд теңгеге жуық инвестиция салынатындығы белгілі болды. Қаланың баспасөз-қызметінің хабарлауынша, жыл соңына дейін 10 жобажүзеге асырылады. Жобалары жүзеге асыру кезінде 4,5 мың адам жұмыспен қамтылмақ.

Ал Қазақстан мен Қытай арасында құны 24 млрд астам доллар 52 өнеркәсіптік жоба бойынша келісімдер жүргізілді. Екі ел «Жібек жолы» және «Нұрлы жол» жобаларын одан әрі дамыту түсіруді мақсат етіп отыр.

Қазақстан инновациялық экономика елдерінің рейтингінде 50 орынға тұрақтады. Тізімді Bloomberg агенттігінің сарапшылары ұсынады. ТОП-50 рейтингінде АҚШ инновация индексі бойынша (82,84 пункт) 8 орынға тұрақтады. Ресей 12 орын, Ұлыбритания 17 орынды алды. Қытай 21 орынды иеленді. Ал Қазақстан рейтинг тізімін 48,48 пунктпен аяқтап тұр.

Бейсенбі, 21 қаңтарда Ұлттық банк ұлттық валютадағы депозиттердің жылдық мөлшерлемесін 14 пайызға арттырып, долларлық депозиттердің жылдық мөлшерлемесін 2 пайызға дейін төмендетті.  Бұл шешімді «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ Директорлар кеңесі қабылдады.

Ал Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев баспасөз -конференциясын өткізіп, Ұлттық банк резервтері босқа жұмсалмайды деген мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, реттеуіштің валюта нарығына қатысуы 3%-ға кеміген.

Бұл уақытта ұлттық валюта жаңа антирекорд орнатып, долларға қатысты 383,23 теңге болды. Ал айырбастау бөлімдерінде доллар курсы 390 теңгеге жетті. Мәскеу биржасындағы рубль құны да құлдырады. Сауданың шарықтау шегінде доллар 85,9 рубль, еуро 93,7 рубльді құрады.

Deutsche Bank-тің бас директоры Джон Крайан технологияның дамуы әсерінен 10 жылдан кейін қағаз ақшалар айналымнан шығуы мүмкін деп мәлімдеді. Оның сөзінше, қолма-қол ақша түрін алып тастау керек. Ал санды ақшалар билікті толық бақылауға мүмкіндік береді.

Жұма, 22 қаңтарда теңге курсы қалпына келіп, доллар бағамы 379,86 теңгеге түсті. 21 қаңтардағы таңғы сессиямен салыстырғанда доллар 3,37 теңгеге арзандады.

Еліміз әлемдегі жанармайы арзан он елдің қатарына енді. Жанармай бағасының әлем бойынша орташа бағасы литріне 0,97 долларды құрайды.

Google-дің Apple-дың басты іздеуші жүйесі болып қалу үшін 1 млрд доллар төлегені белгілі болды. Алайда компания бұл туралы әлі нақты ақпарат берген емес.