Samsung смартфондарды айырбастау бағдарламасын енгізеді

Samsung Electronics компаниясы смартфондардың ескі моделін жаңаға айырбастау бағдарламасын енгізбек. Оңтүстік Кореялық Electronic Times газетінің жазуынша, аталған бағдарлама компанияның Galaxy S7 флагмандық смартфоны Оңтүстік Кореяда сатылымға шыққан соң наурыз айында жүзеге асырылады. Бұл туралы РБК хабарлайды.

Ескіні жаңаға ауыстыру бағдарламасы былтырғы жылы Apple қолға алған жүйеге ұқсас болады, яғни Samsung смартфонын қолданушы өзінің ескі гаджетін жыл сайын жаңаға айырбастай алады. Electronic Times газетінің ақпаратына сәйкес, акция әзірге тек Оңтүстік Кореяда болып, кейін басқа елдерге таралады.

Алайда Samsung өкілдері әзірге айырбастау бағдарламасына байланысты түсініктеме беруден бас тартты.

Айта кетейік, 2015 жылдың қыркүйек айында  Apple ай сайын 32-44 доллар көлемінде абоненттік төлем жасай отырып, ескі смартфондары жаңа айырбастауға болатын iPhone Upgrade Program бағдарламасын ұсынған болатын. Бағдарламаға қатысу үшін қолданушы Apple компаниясымен 2 жылға келісім-шарт жасап, Citizens Bank N.А. банкімен несие келісімін алуы тиіс.

Фото: kapital.kz