Қазақстандық банктердің рейтингтерінің төмендеуіне алаңдауға бола ма?

1333

Халықаралық рейтинг агенттіктері қазақстандық қаржы институттарының көрсеткіштерін төмендетіп отыр. Алайда сарапшылар бұл жайт отандық банктердің ісіне кері әсерін тигізе алмайды дейді.

Өткен аптаның соңында Standard & Poor’s рейтинг агенттігі (S&P) қазақстандық қаржы институттарына қатысты есебін жариялады. Құжатта 2015 жылдың екінші жартысында жүрген девальвацияның ел банктерінің капиталдандырылуына қысым көрсететінін, осының нәтижесінде кейбір қаржы ұйымдарының рейтинг көрсеткіштері түсіп кетуі мүмкін екендігі туралы айтылады. «Біздің ойымызша, теңгенің құнсыздануы қазақстандық банктердің капиталдандыру көрсеткіштеріне айтарлықтай жоғары деңгейде кері әсерін тигізеді, себебі банктердің валюта активтерінің көлемі валюта бағамының құбылуына байланысты өсіп кетті, ал олардың капиталы бұрынғыша теңгемен сақталып отыр», — делінген агенттік есебінде.

Құжатты дайындаған S&P несие сарапшысы Аннет Эсс өткен жылғы девальвация мен өзгедей экономикалық факторлардың кесірінен жағдайын нашарлатып алған қазақстандық банктерге қатысты агенттік қайта бағалау жүргізеді дейді. «Аталған банктердің капиталдандырылуы мен табыстылығы қайта қарастырылады. Рейтинг көрсеткіштерінің төмендеуін жоққа шығармаймыз», — деді ол. Бұған дейін S&P және Moody’s ұйымдарымен қатар атақты «үлкен үштікке» кіретін Fitch Rating агенттігі де қазақстандық банктердің рейтингтерін төмендеткен болатын. Жекелей алғанда Fitch Қазкоммерцбанк рейтингін «ССС» деңгейіне дейін түсіріп, «Сбербанк России» АҚ-ның Қазақстандағы еншілес ұйымының, Цеснабанктің болжамдарын «Тұрақтыдан» «Жағымсызға» өзгертті.

Алайда қаржы институттарының өкілдері мен сала мамандары рейтинг агенттіктерінің көрсеткіштері қазақстандық банктердің жұмысына кері әсерін тигізе алмайды деген пікір білдіріп отыр. Бұған дейін Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев аталған жағдайға қатысты банктердің тиісті шаралар қабылдап жатқанын жеткізген еді. «Үлкен проблема көріп тұрған жоқпын, банктер бұл мәселені шеше алады деп ойлаймын», — деген Ұлттық банк төрағасы.

Рейтинг төмендеуі неге елеусіз қалады?

Қазақстандық банктердің бірінде басшылық қызмет атқаратын, аты-жөнін айтпауды өтінген маман «үлкен үштік» рейтингтері бірінші кезекте екінші деңгейлі банктердің халықаралық міндеттемелеріне ие инвесторлар және несие берушілер үшін жасалатыны туралы айтты. «Қазір батыстан қарызға ақша алу тиімсіз. Шетелдік валютамен берілген несие үлкен қиындықтар туғызуы мүмкін. Сондықтан қазір отандық банктер ішкі нарыққа назар аударып, мемлекеттік компаниялардың депозиттері, жеке және заңды тұлғалардың ақшасы үшін бәсекелестікке түсіп жатыр. Мұндай жағдайда, яғни ішкі нарықта шетелдік ақша жоқ кезде жоғарыда аталған агенттіктердің рейтингтері кімге арналған? Қазақстандықтарға ма? Меніңше, олай емес», — дейді ол.

Банк өкілінің айтуынша, жекелей алғандағы рейтингтердің төмендеуі банктерге зардабын тигізе қоймайды. Себебі қазақстандық қаржы ұйымдары шетелде қорландырылмайды, яғни рейтинг Қазақстандағы ВВ- пен В+ арасындағы нақты айырмашылықты ажырата бермейтін қарапайым тұрғындар үшін ғана қорқынышты жайт болып көрінуі мүмкін. «Рейтингіге қарап, қазақстандық банктердің жағдайы нашар екен деген қорытынды жасауға болмайды, себебі отандық нарықтың бір ерекшелігі бар: қаржы институттары сыртқы құрылымдарға арқа сүйей алады. Мәселен Forte bank пен Еуразиялық банк қаржы-өндірістік топтардың, Сбербанк АҚ ЕБ, Банк ВТБ, «Альфа-Банк» шетелдегі меншік иелерінің, Қазкоммерцбанк мемлекеттің арқасында көптеген мәселенің шешімін табуы мүмкін», — дейді ол. Маман рейтинг агенттіктерінің ұзақ жылдан бері отандық банктерге қатысты жағымсыз деректер беріп келе жатқанын, алайда бұдан қазақстандық қаржы институттарының да, тұтынушылардың да пәлендей зиян көрмегенін атап өтті.

Сарапшылардың айтуынша, 2008 жылғы дағдарыстан кейін рейтинг агенттіктерінің беделі төмендеп кетті. Оған бірнеше оқиға себеп болған. Мәселен, дағдарыс алдында американдық ипотека қағаздарының рейтингін қасақана көтеріп жібергені үшін S&P ұйымына $1,5 млрд көлемінде айыппұл төлеу міндеттелді. Wall Street Journal таратқан ақпаратқа сәйкес, агенттік аталған соманың $687,5 миллионын АҚШ Әділет министрлігіне, дәл осындай қаржыны 20 штатқа, сонымен қатар $125 миллионды АҚШ-тағы ең ірі Calpers зейнетақы қорына аударуы керек. АҚШ билігі S&P ұйымын инвесторларды алдап, қаржы дағдарысын күшейтіп жіберген тұрғын үй нарығында дүрбелең туғызды деп айыптаған болатын.

2013 жылы Еуропалық бағалы қағаздар және нарық агенттігі (ESMA) американдық Fitch Ratings, Moody’s, Standard & Poor’s ұйымдарының зерттеулерінің дәлдігіне, тәуелсіз жүргізілгендігіне қатысты күмән білдірді. Бұған аталған рейтинг агенттіктерінің еуропалық елдер мен банктердің көрсеткіштерін жаппай түсіріп жібергені себеп болды. Сондай-ақ, S&P агенттігінің Ресей рейтингін тым төмен түсіріп жібергені өткен жылы «үлкен үштіктің» бағалаулары саяси тұрғыдан өздері айтқандай тәуелсіз емес деген сөздердің пайда болуына әкелген еді.

Фото:theopenasia.net

Дінмұхамед Зиядин арнайы 7kun.kz үшін