Болашақ медиа менеджерлер кімдер?

1982

Бүгінгі журналистика туралы пікір көп. Сын басым. Интернеттің пайда болуымен журналистиканың бет-бейнесі мүлдем өзгерді.  Газет журналистикасы, тележурналистика, радиожурналистикаға интернет журналистика мен азаматтық журналистика қосылды. Дәстүрлі, жаңа медиа деп бөле бастадық. Журналистика ақпарат таратушы, идеология құралы, ағартушы еді, енді бизнес көзіне айналды. Ақпарат тауар. Журналист өндіруші. Бұрын бас редактор басты адам еді, енді ол шығармашылық адамы ретінде сәл ысырылып, оның орнын медиа менеджерлер баса бастады. Интернет ресурстардың ықпалы артты. Әлемдік тенденция сол. Қазақстанның жаңа медиа саласы бұған ақырындап көшіп келеді. Алайда маман, маман болғанда бастысы — медиа менеджерлер бар ма? 7kun.kz тілшілері осы мәселені анықтап көрді.

Қазіргі кезде әлемге аты шыққан ірі басылымдардың өзі оқырман азайды, шығын көп деп онлайнға көше бастады.  Бір ғана мысал: газет сатып алатын оқырман да азайды. Сенбесеңіз, қасыңыздағы адамнан соңғы рет қашан газет сатып алдыңыз деп сұраңыз. Жо, жоқ біз газетті мүлдем құрдымға кетеді деп тұрған жоқпыз, тек әлемде байқалған көріністі ғана айтып тұрмыз. Онлайнға өту кезеңі ақырындап жүріп жатыр. Журналистиканың заңдылықтары өзгерді. «Болашақта банктер қазіргі құрылымын өзгертеді, банктің 60 пайыз қызметкері ІT маманынан, 5-10 пайызы ғана қаржыгерден тұрады. Әдеттегі бөлімшелер жабылып, онлайн қызмет ұсынуға көшеді» деген болжам бар. Журналистикаңыз да сол өзгеріске беттеді. Он адамдық редакцияның төртеуі ғана әмбебап журналист, қалғаны маркетолог, пиаршы, жарнама менеджері, смм-ші, іт мамандарынан тұруы мүмкін. Бұлардың басын біріктіретін медиа менеджер де қажет. Бұл жаңа заңдылықтар, жаңа талаптарды туындатады. Жедел жазу, мультимедиалық өнімдерді көбейту сияқты интернетке бейімделген өнімдерді, мамандардың жаңа буынын талап етеді. Әсіресе медиа менеджерлер қажет.

Бүгінде қазақ баспасөзіндегі медиа менеджерлер туралы сұрасаңыз Шерхан Мұртаза, Нұртөре Жүсіп, Шамшеддин Паттеев, Қали Сәрсенбай бірінші ойға оралады. Шерхан аға зейнетте, одан кейін аталған ағалардың алды зейнет жасына жақындап қалды. Орнын басатын жастар бар ма? Іздеген едік. Жүзге жуық адамның тізімі жасалды. Өмірбаяны жиналды. Журналистер арасында сұрау салынды, болашақ медиа менеджер бола алады-ау дегендердің журналистикаға қатысы бары, ұйымдастырушылық тәжірибесі, білімі де сараланды. Ең бастысы болашақ медиа менеджер қойылатын талаптарға жауап бере ала ма деген сұрақтарға жауап ізделді. Медиа менеджерге қойылатын талап көп. Жобалаудан бастап басқарудың барлық сатысы медиа менеджердің иығына артылатын жүк. Әрі бүгінгі медиа менеджермен ертеңгісінің айырмашылығы жер мен көктей болмақ. Бүгінгі басылымның көпшілігін мемлекет қаржыландырады. Бірақ ертең мемлекет медиа саласындағы негізгі-ау дейтін бірнеше құралды ғана қалдырып, қалғанын теңге сияқты нарық заңымен өмір сүр деп «еркін айналымға» жіберуі мүмкін. Сол кездегі медиа жобаларды құтқару немесе құру, басқарып, брендке айналдыра алу медиа менеджердің иығына түсетін жүк болмақ. Шығармашылық пен қатар қаржы табуды, санауды қажет етеді. Мұны болашақта кімдер істей алады? Талапқа сай-ау дегендерді іріктеп көрдік.

Асхат ЕркімбайАсхат Еркімбай, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың филология факультетін, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің магистратурасын, University of Wyoming жаңа медиа мамандығы бойынша магистратурасын тәмамдаған. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген.  Бірқатар қазақ тілді газеттерде журналист, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде оқытушы болған. Қазіргі кезде «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы» қоғамдық қорының, «Profi Asia»  ЖШС құрылтайшысы. С.Демирель атындағы университетінің оқытушысы.  Жаңа медиа саласын кәсіби зерттеушілердің бірі. Осы салада жүзге жуық тренингтер өткізген. «Жаңа медиа: монологтан диалогқа» кітабының авторы.

Қанат ӘуесбайҚанат Әуесбай, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында Британияның Норвич қаласында ғылыми-педагогикалық тағылымдамадан өткен. Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері. «31 арна», «Қазақстан» Ұлттық арнасында, «Еуропа плюс» радиосында тілші, редактор, жүргізуші болып еңбек еткен. «Қазақстан -2050» Жалпыұлттық қозғалысының медиа директоры болды. Қазіргі кезде Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті.

Бақытжан БұқарбайБақытжан Бұқарбай, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды саясаттану мамандығы бойынша бітірген. «Хабар» агенттігінде редактор, интернет редакциясының редакторы, ҚР Кәсіпкерлердің тәуелсіз ассоциациясының вице-президентінің көмекшісі, «Vox Populi» журналының тілшісі, ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісінің м.а., «Алматы» телеарнасында әлеуметтік жобалар редакциясының әлеуметтік жобалар бөлімінің редакторы, Gonzo.kz сайтының бас редакторы болды. Men Qazaqpyn жобасының жетекшісі. Қазіргі кезде қазақ тіліне үйрету, мультфильмдерді қазақшаға аудару сияқты ерікті қоғамдық жобаларды жүзеге асырып жүр. Блогерлік ортада танымал.

Жарқын Түсіпбекұлы

Жарқын Түсіпбекұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Саясаттану» мамандығы бойынша бітірген. Қазақстан Жастар Одағы жастар ұйымы мен «Қазақстан саяси конъюнктура» зерттеу орталығында ұйымдастырушы әрі сарапшы, «Жас қазақ» ұлттық апталық газетінде саяси шолушы, Қазақ радиосы, ақпараттық сараптама қызметінде редактор-жүргізуші, «Алаш айнасы» күнделікті газетінде саяси шолушы, СТВ телеарнасындағы «Ой-көкпар» атты қоғамдық бағдарламасының  жүргізушісі, «Ұлт TIMES» газеті бас редакторының орынбасары,  www.aynaline.kz жастар порталының Бас редакторы, РТРК «Казахстан». Стратегиялық-меркетингтік департаментінің шеф-редакторы, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында сарапшы болып қызмет атқарады. Қазіргі кезде «Нұр Отан» партиясында қызмет атқарады. ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшесі. Бірқатар интернет жобаларды басқарған. Дәстүрлі медиа мен жаңа медиа өкілдері арасында танымал.

Руслан МеделбекРуслан Меделбек, Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін «Халықаралық журналистика» мамандығы бойынша тәмамдаған. Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы (AIPS) мен Халықаралық олимпиада комитетінің (IOC) жас репортері. Журналистік карьерасын «Спорт», «Қазақ спорты» газеттерінде бастаған. «Хабар», «Алматы» телеарнасында журналист болған. 2009 жылдан бері «Аламан» спорт сайтының шеф-редакторы, 2012 жылдан бері «Азаттық» радиосының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушысы.

Руслан шетелдік медиа кеңістігінде тәжірибе жинап жүрген журналист. Ол шетелдік журналистиканың құралдарын меңгеріп, отандық салаға әкелуге тырысып жүрген жастардың бірі.

Өркен КенжебекӨркен Кенжебек, Жамбыл политехникалық колледжін, Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетін бітірген. «Жамбыл-Тараз», «Ар-Ай», «Жас қазақ», «Дала мен қала», «Халық сөзі» газеттерінде, «Abai.kz» ақпараттық порталында, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында еңбек еткен. Қазіргі кезде «Хабар» Агенттігінде арнайы жобалар қызметінің жетекшісі. Ондаған деректі фильмнің авторы. «Нұр Отан» партиясының журналистер арасындағы «Нұр сұңқар» республикалық сыйлығының «Көзқарас» номинациясы бойынша иегері, «Халықтың сүйіктісі» Ұлттық сыйлығының «Ең үздік блогер» атағының иегері, Власть интернет-журналының «Жыл адамы» сыйлығының «Үздік блогер» номинациясында жеңімпазы. «Jaqsy.kz» сайтының жетекшісі. Сұранысқа ие  медиа-лекторлардың бірі. Дәстүрлі медианың газет журналистикасы, тележурналистика мен жаңа медианың қыр-сырын қатар меңгерген.

Асқар БековАсқар Беков, Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. iMedia Project жобасы аясында журналистік білімін жетілдірген. «Сыр сандық» танымдық газетінде редактордың көмекшісі, «Арай» жастар журналында тілші, «Азамат KZ» газетінде дизайнер, «Ақ жол Қазақстан» газетінде жауапты хатшы, «Дала мен Қала» газетінде жауапты хатшы, шеф-редактор қызметінде жұмыс атқарған. Қазіргі кезде Респбуликалық «Айқын» газетінің жауапты хатшысы. «MyProfession.kz» сайтының жетекшісі.

Асқар дәстүрлі медиамен қатар жаңа медианы меңгеруге талпынып жүрген журналистердің бірі.

11150542_855150637891459_4423664794725036155_n

Әділбек Жапақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды бітірген. «Ана тілі», «Дала мен қала», «Астана ақшамы» газетінде, «Астана» журналында шолушы, аға тілші, жауапты хатшы, шеф редактор, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. Қазіргі кезде «Болашақ» бағдарламасы бойынша Cardiff University-де білім алуда. Ірі медиа жобаларда редакторлық, басшылық қызмет атқаруы мен шетелдік білім Әділбектің медиа жобаны басқара алу мүмкіндігі жоғары деп бағаладық. 

Бұл «соңғы тізім» емес. Біз тек медиа менеджер болу мүмкіндігі бар деген журналистерді ұсындық. Болашақта бұл тақырыпқа қайта оралып, тізімді толықтыратын боламыз. Егер біз білмейтін ақпарат болса,  бөлісіңіз құрметті оқырман.

MediaLab жобасы